Өнердің нәзік палитрасы: Поэзия мен Музыка тоғысқан түн
Шәкәрім университетінің «Наркескен» ақындар орталығының ұйымдастыруымен «Баспалдақ» атты алғашқы поэтикалық ән-кеші өтті.
Поэтикалық кештің мақсаты – жас ақындар шығармашылығын насихаттау, заманауи қазақ поэзиясын жаңа форматта көпшілікке ұсыну, сондай-ақ жастардың эстетикалық талғамын арттыру. Осы мақсатты жүзеге асыруда ұйымдастырушылар поэзия, музыка және драматургиялық элементтерді бір арнаға тоғыстырып, композициялық көркем кеш әзірледі.
Кеште пианиноның сүйемелдеуімен, «Қарагөз бэнд» тобының әуезді әнмен әрлеуімен заманауи қазақ поэзиясының лирикалық өлеңдері, ішкі әлемнің ирімдерін дәл табатын монологтар оқылды.
Театрлық үйлесіммен өрілген поэзия кеші – қонақтарын эстетика мен сезімге толы романтикалық атмосфераға бөледі. Жыр, әуен және нәзік көңіл–күй тұтас бір кештің көркем палитрасын құрап, көрермендерге аяулы әсер сыйлады.
Өнерге жаны құштар қонақтар үшін бұл кеш рухани шабытқа толы мәдени демалыс болды. Көрермендер поэзия мен музыканың үйлесім тапқан көркем атмосферасын сезініп, жас таланттардың сахналық шеберлігіне ризашылықтарын білдірді.
.jpeg)
.jpeg)