Жаңалықтар 12.12.2025 18

Шәкәрім университетінің жас ғалымы – «Қазақ ғылымының үміті»

Шәкәрім университетінің жас ғалымы – «Қазақ ғылымының үміті»

11–12 желтоқсанда Алматы қаласында Қазақстан жас ғалымдарының II Халықаралық конгресі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен, ЮНЕСКО-ның «Сенім, өзгерістер және ертеңгі күн: 2050 жылға қажет ғылым» тақырыбына арналып өткізілді. Конгреске 1 000-нан астам жас зерттеуші, 24 елден келген 80-нен астам шетелдік ғалым, ғылыми диаспора өкілдері, академиктер, депутаттар мен ғылыми ұйымдар басшылары қатысты.

Конгресс қатысушыларына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құттықтау жолдап, мемлекет саясатының басты басымдығы – ғылым екенін атап өтті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жас ғалымдарды қолдау шаралары кеңейіп жатқанын, соның ішінде қаржыландырудың артуы, тағылымдамалар бағдарламалары мен әлеуметтік қолдаудың күшеюі жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ еліміздегі зерттеушілердің жартысына жуығын 40 жасқа дейінгі ғалымдар құрайтынын, ал Конгресс жастар ғылымын дамытудағы маңызды алаңға айналғанын атап өтті.

Конгрестің бағдарламалық баяндамасын ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев жасады. Академик мемлекет басшысына ғылым жолындағы жастарды қолдағаны үшін алғыс білдіре отырып, Академияның жүйелі олқылықтарды жоюға, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарын күшейтуге бағытталған сараптамалық жұмыс моделін таныстырды. Сонымен қатар форсайт-зерттеулер нәтижесінде әзірленген 220 ғылыми-техникалық мәселе мен 65 ғылыми-техникалық тапсырма (ҒТТ) ұсынылып, олардың гранттық және бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру конкурстарына негіз болатыны айтылды.

Жаңа бастамалар қатарында — AI SilkNet форсайт және предиктивті аналитика орталығы, кеңістік-уақыттық жасанды интеллект зертханасы және отандық DeepBas моделі таныстырылды. Академия PhD даярлау сапасын арттыру, қымбат зертханалық құрал-жабдықтарға қолжетімділікті кеңейту және «Күшті өңірлік ғылым – күшті өңір» бастамасы аясында өңірлік ғылымды қолдау шараларын да ұсынды.

Пленарлық форумда Нобель сыйлығының лауреаты, Туссия университетінің профессоры Риккардо Валентини жаһандық өзгерістер мен экологиялық мониторингтің маңызын түсіндірсе, академик Дөрбетқан Сұраған халықаралық ISAAC 2025 конференциясының нәтижелерін қорытындылады. Нагасаки университетінің Жаһандық тәуекелдерді зерттеу орталығының ассистент-профессоры, жас ғалым Есбол Сартаев Қазақстан ғылымының халықаралық көзқарастағы орнын саралады. Сонымен қатар Қытай, Түркия, Ұлыбритания сынды елдерден келген беделді жас зерттеушілер өз салаларындағы жаңа ғылыми жетістіктермен бөлісті.

Алматы қаласының жетекші жоғары оқу орындары базасында жаратылыстану ғылымдары, ғарыш және коммуникациялар, агробиоресурстар, денсаулық, азаматтық қоғам және білім беру бағыттары бойынша бес ірі ғылыми конференция ұйымдастырылды. «Қазақстан форсайты: 2050 жылға қажет ғылым» форсайт-сессиясы болашақ ғылымының даму болжамдарын айқындады.

Конгресс секциялары заманауи ғылымның негізгі бағыттарын қамтыды: жаратылыстану ғылымдары, ғарыш, жасанды интеллект, агробиоресурстар, биомедицина, экология, білім беру және қоғамдық даму. Сонымен қатар мастер-кластар, воркшоптар, грант және жарияланымдар бойынша кеңестер, жас ғалымдардың инновациялық жобаларының көрмесі өтті.

Қазақстанның жас ғалымдарын Web of Science деректер базасы бойынша марапаттайтын «Academy Most Cited Researcher Award» сыйлығын табыстау кезінде Shakarim University жас зерттеушісі, PhD, Shakarim Lab конструкторлық бюросының жетекшісі Әділет Мұхитұлы Сүгірбай Ұлттық ғылым академиясының «Қазақ ғылымының үміті» арнайы марапатымен марапатталды. Бұл – оның халықаралық ғылыми басылымдардағы дәйексөздерінің көптігі, Scopus базасындағы жоғары көрсеткіштері және ауыл шаруашылығын автоматтандыру саласына қосқан елеулі үлесі үшін берілген жоғары баға.

Ғалымның жетістіктері:

33 халықаралық ғылыми журналда мақала жарияланған;

Scopus бойынша Хирш индексі — 13;

Қазақстанның 1000 үздік ғалымының қатарында, халықаралық Scopus базасында 513-орын(!);

Қытайдың Шэньси провинциясының Янлин қаласындағы Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінде (NWAFU) білім алып, кейін сол университетте постдокторант ретінде ғылыми зерттеулер жүргізген;

Rutgers University (АҚШ) коммерциализация курстарын тәмамдаған;

ауыл шаруашылығында автоматтандыру, органикалық егіншілік, DEM-моделдеу, интеллектуалды машиналар жасау бағыттарындағы зерттеулері бар.

II Халықаралық жас ғалымдар конгресі – Қазақстан ғылымының болашағы қуатты, зерттеушілік әлеуеті жоғары екенін дәлелдеген маңызды оқиға. Ал Әділет Мұхитұлы сияқты жас ғалымдар – ел ғылымын алға бастырар рухы биік, талпынысы мықты жаңа буынның жарқын өкілдері.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру