Шәкәрімнің «Саят қорасы» – феномендік құбылыс
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Шәкәрім университетінде «Саят қораға – 100 жыл» және «Ахат Шәкәрімұлының туғанына – 125 жыл» тақырыбында ғылыми отырыс өтті. Іс-шараны «Шәкәрімтану» ғылыми орталығы мен «Тарих және археология» ғылыми орталығы ұйымдастырды.
Шәкәрім музейінде өткен ғылыми отырысқа «Шәкәрімтану» ғылыми орталығының басшысы Тұрдықұл Шаңбай, «Тарих және археология» ғылыми орталығының басшысы Еркін Рахметуллин, «Жәрдем» баспа компаниясының басшысы, ақын, баспагер-зерттеуші Айдар Ғали-Арыстанұлы, тарихшы, Шәкәрім музейінің ғылыми қызметкері Гүлнұр Төртенова, аға кітапханашы Айсәуле Мұратаева, «Shakarim High School» мектебі директорының орынбасары Ернар Каженов және магистранттар мен студенттер, оқушылар қатысты. Аталған тақырып бойынша тұшымды пікір алмасу болып, болашақта қай бағытта зерттеу тиімді әрі өзекті деген мәселелер кеңінен талқыланды.
Қазақтың классик ақыны, ғұлама-ойшыл Абайдың өмірі мен шығармашылығында «Жидебайдың» ерекше орын алғаны тарихтан белгілі. Сол сияқты орыстың атақты жазушысы Лев Толстойдың өмірі мен шығармашылығында да «Ясная Поляна» ерекше орын алған. Ол туралы жазушы өзінің естелігінде аса толқыныспен жазған. Бүгінде Лев Толстойдың «Ясная Полянасы» мен Абайдың «Жидебайы» әлемдік мәдени аренада танымал.
Шәкәрімнің «Саят қорасы» да оның өмірі мен шығармашылығында орасан орын алғаны тарихтан белгілі. Шәкәрім ХХ ғасыр басындағы аласапыранның құрбаны болып, аты атаусыз қалғанда «Саят қора» да елеусіз қалды. Қазақ Елі тәуелсіздігін алып, Алаштың алыптары ақталған кезеңде, Шәкәрімнің ардақты есімі де халқына қайта оралды. Шәкәрімнің «Саят қорасы» да қазақ мәдениетінде ерекше атала бастады. Нақты «Саят қора» басында істелетін жұмыстар көп. Бүгінгі ғылыми отырыста осы мәселелер талқыланды.
Шәкәрімнің «Саят қорасы» тарихи-мәдени құндылық ретінде тарихи-танымдық тұрғыдан зерттеле бастағанын да айтуымыз керек. Жақында, ғалымдар Ерлан Сыдықов пен Тұрдықұл Шаңбайдың «Шәкәрімнің «Саят қорасы» тарихи-мәдени құндылық: жалғыздық пен еркіндік мәселесі» академиялық іргелі зерттеуі жарық көрді. Ғылыми орта бұл мақаланы ерекше қабылдады.
Шәкәрім университеті жанындағы «Шәкәрімтану» ғылыми орталығының басшысы Тұрдықұл Шаңбай «Саят қора» туралы былай дейді: «Шәкәрім толысқан шағында оңашалыққа ұмтылған. Елсіз тау қойнауында «Саят қораны» салдырып, сонда тұрған. Саналы түрде оқшауланған. Еркіндік іздеген. Шәкәрімнің оқшаулануы танымдық тұрғыдан қазақ фәлсапасында арнайы қарастырылмаған. Оның «Саят қорасы» да сакральды құндылық. Ғұлама ойшыл, классик ақын, танымал тарихшы Шәкәрім қажының тағдыры өте күрделі. Шәкәрім феноменін сакральды «Саят қора» контексінде қарастырсақ, жалғыздық пен еркіндік мәселесімен үндесері хақ. Рухы биік Шәкәрім патша билігіне де, кеңес режиміне де жақпады. Шәкәрімді адамзат болашағы, ұлт тағдыры алаңдатты. ХХ ғасыр басындағы төңкеріс нәтижесі халыққа – нәубет, Шәкәрімге трагедиялық өлім әкелді. Адамзат қоғамының әділетті болғанын армандаған Шәкәрім «Ар білімі» туралы фәлсапалық концепция дайындаған, сол даналық мұрасы «Саят қорада» дүниеге келген. Сондықтан «Саят қораның» қазақ мәдениетінде алатын орны орасан. Міне, бүгін сондықтан бәріміз бас қосып осы мәселені талқылап отырмыз».
Сондай-ақ, осы ғылыми отырыс аясында туғанына 125 жыл толып отырған Ахат Шәкәрімұлының өмірі мен мұрасы да қарастырылды. Өзі қуғында жүріп, әкесінің мұрасын жинауы, әкесінің сүйегін Жидебайға арулап қоюы – үлкен ерлік. Осыдан бес жыл бұрын, Тұрдықұл Қасенұлының басшылығымен Ахат Шәкәрімұлы шығармаларының тұңғыш академиялық басылымы жарық көрген болатын. Биылғы жылы жарық көрген кітаптарға осы жинақ негіз болып отыр. Ал Ахат Шәкәрімұлының алғашқы толымды мұрасы «Жәрдем» баспасынан жарық көрді.
«Тарих және археология» ғылыми орталығының басшысы Еркін Рахметуллин Шәкәрімнің «Саят қорасының» тарихи-археологиялық тұрғыдан зерттеліп жатқанын және бұл бағытта жақсы нәтижелер бар екенін атап өтті.
Осылайша, «Саят қора» тек Шәкәрімнің жеке басының мекені ғана емес, ол қазақ руханиятының, философиясының, тарихының маңызды бір бөлігі ретінде қарастырылуда.
Бұл ғылыми отырыс осы бағыттағы зерттеулерді жалғастыруға, жаңа идеялар тудыруға және Шәкәрімнің болмысын тереңірек түсінуге жол ашады.


