press office of Shakarim University01 october 2024ұстаз

МЕРЕЙДІ ТАСЫТҚАН МЕРЕКЕ

1 қазан – Жоғары білім қызметкерлерінің күніне орай Shakarim University-де Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Оған университеттің ардагер ұстаздары мен  профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Биыл тұңғыш рет аталып отырған Жоғары оқу орны мамандарының мерекесі қарсаңында өткен Кеңес отырысында Ғылыми кеңестің құрамы бекітіліп, атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қатысты өзекті мәселелер қаралды, негізгі міндеттер белгіленді.

Shakarim University ректоры Думан Орынбеков:

«Бүгін кеңейтілген Ғылыми кеңес отырысына «Shakarim University: қайта құрылымдаудан 90 жылдық мерейтойға дейін» мәселесін күн тәртібіне шығарып, ардагер-ұстаздар мен әріптестеріміздің алдында жасалып жатқан жұмыстарға шолу жасап, негізгі міндеттерді белгілеуді жөн санадым.

Өздеріңіз білетіндей,  факультет форматынан – жоғары және зерттеу мектебі жүйесіне көштік. Көпшілігінде «Мұның қандай айырмашылығы бар?» деген де сауалдың болғаны да рас. Әрине, бұл халықаралық форматқа ауысудың бір қадамы деп те түсінуге болар. Дегенмен, астарында ғылымға бағытталу жатыр»- дей келіп, кадрлық әлеуетті көтеру, университет инфрақұрылымын дамыту, қызметкерлер жалақысына қатысты жұмыстар жайлы баяндап, оқу ордасының 90 жылдық мерейтойына орай өткізілетін іс-шаралар жоспарымен таныстырды.

Ғылыми кеңес отырысы салтанатты іс-шараға ұласып, университетке еңбегі сіңген қызметкерлер мен ардагер ұстаздар  ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Академик Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған естелік төсбелгісімен,  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің: «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Ахмет Байтұрсынұлы» және «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен, Алғысымен жалпы саны 40-қа жуық Жоғары білім қызметкері марапатталса,  «Қауымдастырылған профессор» атағын, PhD дәрежесін алған ұстаздар да болды.

Думан Орынбеков әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, ел болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне  қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Осылайша, ұстаз еңбегі ұлықталған, мерейді тасытқан мереке соңы  оқытушылар мен студенттердің ән-биімен жалғасын тапты.