«Наурызнама» онкүндігі аясындағы «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай Shakarim University-дің ұйымдастыруымен «Ұлы күні Ұлыстың, Басы болсын ырыстың!» тақырыбында қалалық студенттер айтысы өткізілді.
Құттықтау сөзбен айтыс шымылдығын түрген университет ректоры Думан Орынбеков Шәкәрім университетінің сонау 90-жылдардан бастап өңірімізде айтыс өнерінің қара шаңырағына айналып, «Наркескен» айтыс ақындарының мектебі деген атпен (марқұм Сиязбек Сүлейменов жетекшілік еткен) күллі Қазақстанға танылғанын, сол мектептен қаншама айтыскерлер түлеп ұшқанын атап өтті. «Бір өкініштісі, университетіміздегі соңғы он жылда айтыс ақындарының мектебі өз жұмысын тоқтатып, дәстүрлі студенттер айтысының өтпегеніне де жеті жылдың жүзі болған екен. Бүгін осы үзілістен кейін ұлттық өнеріміз – айтыспен қайта қауышпақпыз. Осынау қайта жаңғырған айтыс өнеріне, жас ақындардың айтыс сахнасындағы алғашқы қадамдарына «Құтты болсын» айтайын деп келіп отырмын»- дей келіп, Думан Рымғалиұлы ақындарға сәттілік тіледі.
Ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан суырыпсалмалық сөз сайысында қала оқу орындарының білім алушылары ғана емес, мектеп оқушылары да бақ сынады.
Қазақтың қанына сіңген бекзат өнерді қайта түлеткен сөз бәйгесінде Бас жүлдені Шәкәрім университетінің 2 курс студенті Мирас Сламшайықұлы еншілесе, І орынды Әлихан Бөкейханов университетінің 4-курс студенті Мәди Семсерханұлы иеленді. ІІ орын Шәкәрім университетінің 1-курс студенті Нұрай Тұрманбайқызына, ІІІ орын Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің 3-курс студенті Әділет Әділұлына бұйырды.
Қатысушылардың барлығы дипломдармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.