press office of Shakarim University20 september 2024студент

ҚАЙТАЛАНБАС ДӘУРЕННІҢ ҚЫЗЫҚТАРЫ – СТУДЕНТТІК ҰЙЫМДАРМЕН БІРГЕ!

Шәкәрім университетінің «Студенттік парламент» құрамы  "Student`s EXPO 2024” ұйымдар жәрмеңкесін ұйымдастырды.  1 курс студенттеріне арналған жәрмеңкеге  Shakarim University  Жоғары мектебінің студенттері қатысты. Алдымен әр ұйым студенттік өмір табалдырығын енді аттаған ізбасарларына өздерінің ұйымдарын таныстырып, өткен оқу жылдарында қол жеткізген жетістіктерін паш етті. Әуезді ән мен мәнерлі би, жарасымды әзіл мен қойылымдар ұсынып, бірінші курстықтарға ұмытылмас кеш сыйлады.

Салтанатты кештің шымылдығын университеттің  Әлеуметтік даму және жастарды қолдау орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева ашты. Ол:

«Құрметті 1 курс студенттері! Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Еліміздің ертеңі — жастар! Біздің елімізде бәсекеге қабілетті әрі талантты жастар көп. Сондықтан осындай креатив жастарға кеңінен жол ашып, жағдай жасау керек. Олар жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсайды деп сенеміз" деген болатын. Өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін өскелең ұрпақтың білімді болғаны маңызды. Сондай білім алып, кемел тұлға болып қалыптасамын деп Сіздер Шәкәрім университетінің студенті атанып отырсыздар. Енді өздеріңіздің жандарыңызға жақын, жүректеріңіз қалаған ұйымға мүше болу мүмкіндіктеріңіз бар»,- дей келіп, білім ордасындағы студенттік ұйымдар жұмысының маңыздылығына тоқталды.

Университетте  жұмыс істейтін студенттік ұйымдар мен клубтардың жалпы саны – он екі. «Шәкәрім шуағы» ерікті жастар ұйымы, "Қаракөз" студент-жастар театры, "Конгресс" интеллектуалды дебат клубы, «Жастар рухы» жастар қанаты, «Goldenspeech» шешендік өнер клубы т.б. ұйымдар мен клубтар студент жастардың түрлі бағытта дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына, тұлғалық қасиеттерін арттыруына мүмкіндік береді.

Жастарымыздың университет ішіндегі іс-шараларға ғана қатысып қоймай, қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген сайыстарда бақ сынап, оқу орнының, сондай-ақ, облысымыздың да намысын қорғап жүргендері  мұның айқын дәлелі. Бұл бүгінгі студенттің білім алумен қатар, жаңашылдыққа ұмтылуына,  өзін-өзі жан-жақты дамытып, қоғамдық жұмыстарға бейімделуіне, сөйтіп өзіндік өмірлік жолын таңдауына үлкен септігін тигізетіні анық. Жастық жалын мен жарқын сәттерге толы студенттік  шақ  сонысымен де  қызықты, сонысымен де қымбат.