News 08.09.2025

Шыңғыс Сүлейменов, Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінің деканы: «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру — елдің экономикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі»

Шыңғыс Сүлейменов, Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінің деканы:  «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру — елдің экономикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі»

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жолдады. Бұл Жолдау еліміздің алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағыттарын нақтылап, маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерді. Соның ішінде ерекше назар аударылған тақырыптардың бірі – ауыл шаруашылығын дамыту.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін баса айтты. Бұл бағыттағы басты мақсат — еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті барынша азайту. Қазіргі кезде Қазақстан нарығында кейбір негізгі азық-түлік өнімдері әлі де шетелден жеткізіледі, бұл тәуелділік экономикалық тәуекелдерді арттырады. Сондықтан ұлттық өнімдерімізді дамыту, олардың сапасын жетілдіру және оларды сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту  маңызды.

Президент атап өткендей, ауыл шаруашылығын дамытудың бірнеше негізгі бағыты бар.Мәселен, шаруаларды жан-жақты қолдау жайлы айтар болсақ, жергілікті фермерлер мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету – ауылдағы өндірістің өсуінің басты қозғаушы күші екені белгілі.  Бұл түптеп келгенде мал шаруашылығын дамыту деген сөз. Мал басын көбейту арқылы ет және сүт өнімдерінің өндірісін арттыру, сапа мен өнімділікті жоғарылату — ауыл шаруашылығының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл – елімізді сапалы, ұлттық азық-түлікпен қамтамасыз етудің кепілі. 

Мемлекет басшысы бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану мәселесін де көтерді. Елдегі игерілмей жатқан, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылық жерлерін қайта өңдеу, оларды тиімді айналымға енгізу – өндірісті кеңейтуге, жұмыс орындарын ашуға және ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл бағыттарды жүзеге асыруда маңыздысы – ауыл шаруашылығын елдің экономикасының негізгі секторы ретінде қарастырып, осы салаға жоғары білікті мамандарды тарту және өндірістік негізде тиімді жұмыс жасау. Тек заманауи технологиялар мен инновациялар енгізілгенде ғана ауыл шаруашылығы тұрақты өсім мен жоғары өнімділікке қол жеткізе алады.

Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту – еліміздің келешегінің, халықтың тұрақты әрі сауатты өмір сүруінің негізі.  

 

 

Comments (0)

Leave a comment