Бүгін Шәкәрім университетінде ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген танымал да табысты тұлғалармен тағылымды кездесу өтті. Университеттің 1991 жылғы түлегі, бүгінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкер, Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Балтабек Мұқашев оқу орнына арнайы келіп, студент жастармен мазмұнды сұхбат құрды.
Кездесуге арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатарында "Eurasia Agro Semey" ЖШС атқарушы директоры Серғазы Исембаев, еліміздегі шағын зияткерлік мектептер желісінің негізін қалаушы, қазақ әдебиетінде ағылшын тілінде жарық көрген тұңғыш роман — «Барсакелмес: көшпенділердің оралуы» кітабының авторы Ғабит Бекахметов, сондай-ақ, туған өлкеміздің мақтанышы, «Nartay Sholtyq» математика мектебін құрған ұстаз Нартай Шолтық та қатысты.
Кездесу барысында Балтабек Мұқашев туған жерді түлету ортақ парыз екенін айтып, өңір экономикасын дамыту – әлеуметтік мәселелерді шешудің негізгі тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ, мал өнімдерін қалдықсыз өңдеу, экологиялық қауіпсіздік, отандық өнімдерді сыртқы нарыққа шығару, экспорт әлеуетін арттыру сияқты маңызды мәселелер қозғалды.
Балтабек Мұқашев Абай облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жоба — ет комбинаты құрылтайшыларының бірі. Бұл жоба Австралия мен Еуропа елдерінің озық технологияларын пайдалана отырып, мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, жоғары оқу орындарында білікті мамандар даярлау, ауыл шаруашылығына қажетті кадрларды жаңаша көзқараспен оқыту жайлы да келелі ойлар ортаға салынды. Еліміздің болашағы жастардың қолында екенін атап өткен кәсіпкерлер оларды нақты мамандық иесі болуға, отандық кәсіпкерлікті дамытуға шақырды.
Студенттермен емен-жарқын әңгімелескен Ғабит Бекахметов пен Нартай Шолтық та өздерінің білім мен ғылым саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға шабыт сыйлайтын өнегелі әңгімелерімен баурап алды. Университеттің білім алушылары қонақтарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікірлерімен бөлісті.
Бұл кездесудің негізгі мақсаты студенттерге табысты тұлғалардың өмір жолын үлгі етіп көрсету, кәсіби бағдар беру, әрі еліміздің дамуына өз үлесін қосуға ынталандыру болды.
Шәкәрім университеті алдағы уақытта да табысты түлектерімен тығыз байланыс орнатып, білім мен тәжірибе алмасу алаңына айналуды жалғастырмақ.