Бұқаралық спортты дамытуға арналған семинар
Шәкәрім университетінде Дене шынықтыру және спорт кафедрасы мен университет Спорт клубының бірлесе ұйымдастыруымен «Футбол – студент жастар арасында бұқаралық спортты дамыту құралы» тақырыбындағы қалалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Бұл іс-шара аймағымызда футболдың рөлін арттыруды, сондай-ақ, студент жастардың спорттық белсенділігін арттыруды мақсат етті.
Семинардың ашылуында университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов құттықтау сөз сөйлеп, студенттер арасында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараға Семей қаласының Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, университеттің Дене шынықтыру және спорт кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, спорт клубының жаттықтырушылары, «Елімай» ФК және шағын футбол (ФМ) жаттықтырушылары, сондай-ақ, Семей қаласының техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарының дене шынықтыру пәні мұғалімдері қатысты.
Семинар барысында футболды бұқаралық спорт ретінде дамыту жолдары, оқу орындарында спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, студенттердің дене белсенділігін арттыру бағытындағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Сарапшылар жастар арасында футболға деген қызығушылықты арттыру және жүйелі жаттығу арқылы олардың денсаулығын нығайтудың маңызы туралы ой бөлісті.
Семинар қорытындысында қатысушылар бірлескен жұмыстың студенттік спортты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін атап өтіп, келешекте де ғылыми-әдістемелік кездесулерді тұрақты түрде өткізу керектігін жеткізді.

