Жаңалықтар 15.10.2025 102

Цюрих университетінің профессоры – Шәкәрім университетінде

Цюрих университетінің профессоры – Шәкәрім университетінде

Бүгін Shakarim University-де әлемге танымал паразитолог, Цюрих университетінің (Швейцария) профессоры Пол Торгерсон ашық дәріс өткізді.

Пол Торгерсон – Цюрих университетінің ветеринариялық эпидемиология кафедрасының меңгерушісі, профессор, эпидемиология және зооноздық аурулар бойынша танымал халықаралық сарапшы, h-индексі – 65. Ол – әлемнің беделді ғылыми журналдарында 300-ден астам ғылыми мақала жариялап, эпидемиология ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалым.

Профессор ашық дәріс барысында:

- паразиттік аурулардың эпидемиологиясы,

- зооноздық инфекциялар мен эхинококкоздың таралуы,

- ветеринариялық қоғамдық денсаулық сақтау,

- аурулар ауыртпалығын бағалау әдістері туралы өзекті мәліметтермен бөлісті.

Сондай-ақ, профессор зооноздық аурулардың жаһандық эпидемиологиялық ахуалы, олардың әлеуметтік-экономикалық әсері және аурулардың таралуына ықпал ететін экологиялық факторлар жөнінде кеңінен баяндады. Ол ғылыми зерттеулердің нақты деректері мен әлемнің түрлі аймақтарындағы жағдайларды салыстыра отырып, адам мен жануарлар арасындағы өзара байланыс мәселелерін терең түсіндіріп өтті.

Ашық дәріске университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар, жас ғалымдар және ветеринария саласының мамандары қатысты. Тыңдаушылар әлемдік тәжірибеге негізделген ғылыми деректер, зерттеу әдістерімен танысып, өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Профессор Пол Торгерсон дәрісі – ветеринариялық ғылым мен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы білім алмасуға серпін беріп, халықаралық ынтымақтастықтың дамуына жол ашады.

Сондай-ақ, Пол Торгерсонмен университет басшылығы кездесіп, университет қызметкерлері мен білім алушыларына дәріс оқығаны үшін ризашылықтарын жеткізді.

Кездесу барысында тараптар бірлесе атқарылатын жұмыстар жайлы ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, ветеринария, эпидемиология және зооноздық аурулар бойынша білім алмасу, ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, студенттер мен докторанттарды мансаптық бағдарлау мәселелері талқыланды. Бұл ынтымақтастық білім мен тәжірибе алмасуға, ғылыми зерттеулер саласында жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.

Кездесуде профессор Пол Торгерсонға Шәкәрім университетінің «Шәкәрім» медалі табыс етілді.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру