Ел ертеңі – сапалы білімде

Бүгін Шәкәрім университетінде білім саласының көрнекті тұлғасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстанның Педагогикалық Ғылымдар Академиясы» ҚБ президенті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің зерттеуші-профессоры, академик, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов білім алушылармен кездесіп, мазмұнды дәріс оқыды.
«Сапалы білім – ел ертеңі» тақырыбындағы дәрісте ғалым еліміздегі білім беру жүйесінің бүгінгі жай-күйі мен даму перспективаларына тоқталып, сапалы педагог даярлаудағы негізгі басымдықтар, мұғалім кәсібінің маңыздылығы, жаһандық өзгерістерге сай болашақ ұстаздарға қойылатын талаптар жайында терең ой қозғады.
Дәріс барысында Асқарбек Қабыкенұлы білім сапасын арттырудың негізгі тетіктерін атап өтіп, білім мен ғылымды ұштастыра отырып, елдің дамуына үлес қоса алатын тұлға қалыптастырудың маңызына басымдық берді. Еліміздің білім беру саласында атқарылып жатқан реформалар мен қазіргі заманғы педагогикалық ғылымның даму бағыттары жайлы да айтып, өз ойымен бөлісті.
Ғалым XXI ғасырда білім беру жүйесінің басты мақсаты – тек ақпарат жеткізу ғана емес, сонымен бірге тұлғаның шығармашылық қабілетін дамытып, жаңа жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау екенін жеткізді. Сондай-ақ, студенттерді өз қабілеттерін дамытуға, үздіксіз ізденіс пен еңбектің арқасында бәсекеге қабілетті маман болуға үндеді.
Дәріске университеттің педагогикалық бағыттағы білім алушылары қатысты. Кездесу болашақ педагогтарға шабыт беріп, олардың білім алуға деген жауапкершілігін арттыра түсті.
Іс-шара соңында университет басшылығы Асқарбек Қабыкенұлына алғыс білдіріп, мұндай мазмұнды дәрістер жастардың рухани және кәсіби дамуына ықпал ететінін атап өтті.