Еркіндіктің іргетасы қаланған тарихи күн!
25 қазан – Қазақстан Республикасының тарихындағы ерекше маңызды күн. Бұл – халқымыздың өз тағдырын өзі шешуге деген алғашқы нақты қадамының белгісі. Осы күні, 1990 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданды. Бұл тарихи құжат елдің тәуелсіздікке бет алғанын айқындаған, саяси және құқықтық негіз қалаған акт болды.Оның тарихи салмағы өте үлкен.
Республика күні – бұл жай ғана тарихи дата емес, Тәуелсіздік күнімен егіз ұғым, екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Себебі дәл осы күні Қазақстан өзінің болашақ егемен мемлекет болатынын жария етіп, Кеңестік жүйенің шеңберінен шығуға алғашқы батыл қадам жасады.
1990 жылдың 25 қазанында қабылданған бұл шешімді халық ерекше қуанышпен, үлкен үмітпен қарсы алды. Қоғамның түйсігінде «енді біз өз болашағымызды өзіміз анықтай аламыз» деген сенім ұялады. Сол кездегі қоғамдық көңіл-күй – елдің өзін өзі басқаруға деген шынайы ұмтылысының көрінісі болды.Бұл тарихи шешім Қазақстан халқының дербес өмір сүруге, тәуелсіз болуға деген ішкі сұранысымен сабақтасты.
Бүгінде Республика күні – тек өткенді еске алу емес, сонымен бірге еліміздің бүгінгі жетістіктері мен болашаққа бағытталған бағдарының символы. Бұл күн – еркіндік пен жауапкершіліктің, ұлттық бірегейлік пен демократиялық дамудың айғағы.
Тәуелсіз Қазақстанның негізі осы күні қаланды деуге толық негіз бар. Егер 1991 жылғы 16 желтоқсан – егемендіктің жарияланған күні болса, 1990 жылғы 25 қазан – сол еркіндіктің іргетасы қаланған тарихи мезет.
Республика күні – бұл тек мемлекеттілік мерекесі емес, халқымыздың тарихи жады мен ар-намысының айнасы.
Республика күні – Тәуелсіздікке апарар сара жолдың бастауы. Сол жолды ардақтап, әр буын оны жаңғыртып отыруы тиіс.
Амантай Исин, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор