Жаңалықтар 29.10.2025 66

Индонезиямен ынтымақтастығымыз арта түсті

Индонезиямен ынтымақтастығымыз арта түсті

Shakarim University-ге Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінен арнайы делегация келіп, білім, ғылым және мәдени байланыстарды дамыту бағытында мазмұнды кездесу өтті.

Делегация құрамында Индонезия Республикасының Қазақстан және Тәжікстан елдеріндегі Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман; ақпараттық, әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Джунис Дуана Сираит, ақпараттық, әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі қызметкерлер Агунг Сапутра мен Гүлнұр Сейсенқұловалар болды.

Кездесуге университет басшылығы атынан Shakarim University интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай мен ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы қатысып, қонақтарды оқу орнының тарихымен, бүгінгі даму бағыттарымен, ғылыми орталықтар мен зертханалардың жұмысымен таныстырды. Олар оқу үдерісінің заманауи талаптарға сай жүргізіліп жатқанын, университеттің халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша мән беретінін атап өтті.

Ғылым жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызы өз сөзінде Shakarim University-дің Ұлттық ядролық орталық үшін мамандар даярлаумен айналысатынын айтып, Семей өңірінің экологиялық мәселелерін зерттеу бағытындағы ғылыми жобалар туралы ақпарат берді. бұл мәліметке ерекше қызығушылық танытқан Мохамад Фаджрул Рахман мырза сапарларының басты мақсаты академиялық байланыс орнату екендігін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар оқытушылар мен студенттер алмасу, мәдени және ғылыми байланыстар орнату, бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу мәселелерін талқылады, еркін пікір алмасып, болашақта нақты бірлескен жобалар мен алмасу бағдарламаларын іске асыруға ниетті екендіктерін жеткізді.

Мәртебелі меймандар оқу орнының жатақханаларын аралап, студенттердің өмір сүру жағдайларын көріп, олардың бос уақытын тиімді өткізуге және сапалы білім алуына жасалған жағдайға жоғары баға берді. Қонақтар университеттің жастарға қамқорлық көрсету саясатын оң бағалап, мұндай қолайлы орта студенттердің оқу жетістіктеріне жақсы әсер ететінін атап өтті.

Бұл жүздесу Shakarim University үшін халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Екіжақты әріптестік алдағы уақытта білім мен ғылым саласында тәжірибе алмасуға, мәдени байланыстарды нығайтуға және Қазақстан мен Индонезия арасындағы достық қатынастарды тереңдетуге үлкен мүмкіндік береді.

Айта кету керек, бұған дейін Шәкәрім университеті Индонезияның Сидоарджо қаласындағы Мухаммадия университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Бұл құжат аясында тараптар білім беру, ғылыми зерттеулер, маман даярлау, біліктілік арттыру, академиялық ұтқырлық, сондай-ақ, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламаларын жүзеге асыруға уағдаласқан болатын.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру