Жаңалықтар 28.11.2025 25

Инклюзия: тең мүмкіндіктер кеңістігіне бастар жол

Инклюзия: тең мүмкіндіктер кеңістігіне бастар жол

Бүгін Шәкәрім университетінің қабырғасында Абай облысының білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған «Инклюзия: тең мүмкіндіктер кеңістігі» атты халықаралық форум өз жұмысын бастады. Білім беру, әлеуметтік қолдау, медицина және ғылыми зерттеу салаларының үздік мамандарын тоғыстырған бұл іс-шара инклюзивті білім берудің ең өзекті мәселелерін кеңінен талқылауға арналды.

Форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген педагогтер мен зерттеушілер, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасының жетекші сарапшылары қатысты. Жиынды Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков ашып, бүгінгі таңда инклюзивті білім беру – мемлекетіміз айқындаған стратегиялық басымдықтардың бірі екеніне назар аударды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында әрбір баланың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау – тек педагогикалық міндет қана емес, ол әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудің маңызды көрсеткіші. Сондықтан мұндай балалардың сапалы білімге қол жеткізуіне жағдай жасау – бәpімізге ортақ жауапкершілік»,- деді ректор өз сөзінде.

Форумға қатысушыларды Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов пен облыстық білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков құттықтап, инклюзивті білім берудің өңірлік және ұлттық деңгейдегі өзекті мәселелеріне тоқталды.

Бауыржан Ердембеков қазіргі уақытта инклюзия – бүкіл әлемнің назарында тұрған ірі әлеуметтік мәселе екенін атап өтті. Ол проблема салдарымен күресуден гөрі, оның себептерін анықтап, терең ғылыми зерттеулер жүргізудің қажеттілігіне тоқталды.

«Бұл тек мектептің немесе инклюзиялық орталықтардың жұмысы деп қарауға болмайды. Жоғары оқу орындарында арнайы мамандар дайындауға баса көңіл бөліп, қосымша мамандықтар ашуымыз қажет. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың аналарымен жүйелі психологиялық жұмыс жүргізетін орталықтар құрудың маңызы зор»,- деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, Абай облысында сала мамандары әлі де жеткіліксіз. 2022 жылы өңірде мүмкіндігі шектеулі 5 мыңнан астам бала тіркелсе, 2024–2025 жылдары бұл көрсеткіш 6 мыңнан асып отыр. Бұл деректің өзі мәселенің ауқымын, дабыл қағарлық деңгейін айқын көрсетеді.

Форумда мамандар ерте диагностикалаудың уақтылы жүргізілуінің, дефектолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагогтарды дайындаудың аса маңызды екеніне тоқталды.

И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Миргуль Эсенгулова осындай инклюзивті білім беру тәжірибелерімен алмасу білім жүйесін жетілдіруге үлкен септігін тигізетінін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай форумдар екі ел арасындағы ғылыми және практикалық интеграцияны тереңдетіп, білім саласын дамытуға тың серпін береді.

«Мобильді дәрістер, бірлескен конференциялар, жоғары оқу орындарының әдістемелік материалдарды бөлісуі – бәрі де инклюзивті білім берудің сапасын арттыруға бағытталған тиімді қадамдар»,- деді ол.

Осылайша, форумның Пленарлық отырысы барысында инклюзивті мәдениетті қалыптастыру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау механизмдерін жетілдіру, педагогтердің кәсіби құзыретін арттыру, цифрлық инклюзивті шешімдерді енгізу секілді маңызды мәселелер кеңінен талқыланды. Сарапшылар қоғамдағы инклюзия процесінің табысты дамуы ғылыми зерттеулер, тәжірибе алмасу және тиімді институционалдық саясаттың бірлігінде жатқанын атап өтті.

Бұл форум – білім беру жүйесінің инклюзивті бағыттағы болашағын айқындайтын маңызды диалог алаңы ғана емес, әрбір бала үшін тең мүмкіндік жасау жолындағы ортақ қадамдардың бастауы болмақ.

Форум аясында «Шабыт пен шеберлік: Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылығы және педагогтердің авторлық тәжірибесі» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру