IT саласындағы ортақ мақсат
Білім беру саласындағы халықаралық серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама ретінде Shakarim University мен Мұхаммед әл-Хорезми атындағы Ташкент ақпараттық технологиялар университеті (TUIT) арасында жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласында өзара ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі жоғары оқу орнының өзара әріптестік байланыстарын жүйелі түрде дамытып, жаңа стратегиялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға жол ашады.
Shakarim University ректоры Думан Орынбеков бастаған делегацияның Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына сапары кезінде TUIT университетінің оқу корпустары мен ғылыми инфрақұрылымы жан-жақты таныстырылды. Делегация Медиа орталықтың заманауи студияларын, Жоғары инженерлік мектептің инновациялық зертханаларын, Fab Lab және Living Lab аймақтарында іске асырылып жатқан тәжірибелік жобаларды көріп, олардың мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, факультеттер мен ғылыми орталықтардың оқу-әдістемелік, зерттеу бағыттағы жұмыстары қонақтар назарына ұсынылып, озық IT-тәжірибелерді енгізу жолдары талқыланды.
Қос жоғары оқу орындарының өкілдері арасында өткен ресми кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары нақтыланды. Атап айтқанда, заманауи цифрлық білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеу, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект саласында ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, магистранттар мен докторанттардың академиялық мобильділігін кеңейту, оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуын жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұған қоса, стартаптар мен инновациялық бастамаларды қолдау, бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру да келісімнің маңызды тармақтары ретінде бекітілді.
Ташкент қаласында өткен QS Eurasia Forum 2025 шарасы аясында жүзеге асқан бұл серіктестік — аймақтың цифрлық білім беру экожүйесін дамытуға бағытталған ірі қадамдардың бірі. Форум барысында университеттер арасындағы халықаралық байланыстарды кеңейту, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру, жоғары білім берудегі цифрлық трансформацияны жеделдету мәселелері кеңінен талқыланған болатын. Сол себепті Shakarim University мен TUIT арасындағы меморандум форумның нақты нәтижеге бағытталған ең маңызды бастамаларының бірі саналады.
Қол қойылған меморандум Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім және ғылым саласындағы серіктестікті нығайта түседі. Сонымен қатар, ол ақпараттық технологиялар бағытында жоғары білікті мамандар даярлауға, жасанды интеллект саласындағы ғылыми жаңалықтарды ілгерілетуге және аймақтың цифрлық болашағына бағытталған инновациялық жобаларға серпін береді деп күтіліп отыр.
