Жаңалықтар 30.09.2025

Мемлекеттік қызметке жаңашыл жастар керек

Мемлекеттік қызметке жаңашыл жастар керек

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов Шәкәрім университетінің 4-курс студенттерімен маңызды кездесуді өткізді.

«Мемлекеттік секторға таланттарды іздеу және тарту» тақырыбында өткен іс-шараға университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бейімбет Дәрібаев, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы филиалының директоры Әсет Абжаков және Shakarim University-дің мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген түлектері қатысты.

Кездесу барысында студент жастарға мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызы жан-жақты түсіндірілді. Мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орындарында білім алатын студенттерге ерекше мүмкіндік ұсынылып, егер GPI көрсеткіші 3,33-тен жоғары болса, олар ауылдық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметке байқаусыз-ақ қабылданатыны атап өтілді. Бұл — жастарды елдің дамуына белсенді түрде араласуға тартудың тиімді жолы.

Абай облысындағы жоғары оқу орындарынан 33 түлек осындай жеңілдетілген тәртіппен мемлекеттік қызметке қабылданып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Биылдың өзінде 14 жас маман мемлекеттік қызметке ресми тағайындалып, кәсіби жолын бастаған.

Сонымен қатар, «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебіне» қатысу жастарға өз қабілеттерін шыңдауға, кәсіби шеберліктерін арттыруға және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Бұл мектеп – мемлекеттік қызметтің тамаша мектебі әрі қызмет жолындағы маңызды кезең.

Shakarim University-де мемлекеттік қызметке қызығушылық танытатын түлектердің саны жылдан жылға артып келеді. 2023-2024 оқу жылында 29 студент ниет білдірсе, өткен оқу жылында олардың саны 32-ге жетті. Бұл – университеттің мемлекеттік секторға білікті және белсенді мамандар даярлаудағы жетістігінің айқын көрінісі.

«Мемлекеттік қызметті жастармен толықтырып, кадрлық жаңаруға жол ашуымыз керек. Бұл – елдің келешегіне салынған инвестиция» деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Мемлекет басшысының мемлекеттік басқаруды жаңғырту және жастарды осы салаға тарту туралы ұстанымы – еліміздің тұрақты дамуы мен болашағын қамтамасыз етудің маңызды негізі болып отыр. Түптеп келгенде мемлекеттің дамуы жастардың белсенділігіне, олардың кәсіби біліктілігіне және елімізге деген адалдығына тікелей байланысты.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру