Жаңалықтар 10.10.2025 209

Қазақстан кәсіподақтары күніне арналған семинар-кеңес

Қазақстан кәсіподақтары күніне арналған семинар-кеңес

Shakarim University-де Қазақстан кәсіподақтары күніне орай «Кәсіподақ – еңбек адамының сенімді қорғаны» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

Іс-шараға қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Абай облыстық ұйымының төрағасы Сәбит Ибраев пен құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Нұргүл Абдулкаримова шақырылды.

Салтанатты жиынды ашқан Шәкәрім университеті бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қарлығаш Құрмамбаева алдымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын оқып, қатысушыларды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтады. Өз сөзінде ол кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы маңыздылығына ерекше тоқталып, еңбек адамдарының әлеуметтік құқықтарын қорғаудағы ұйымның рөлін айрықша атап көрсетті.

Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына орайластырылған кеңес барысында университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымын әр жылдары басқарған ардагер ұстаздар Аман Еренғалиев пен Роза Мәмбетбаева сөз сөйлеп, өздерінің мол тәжірибесімен және еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті.

2025 жыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, семинар барысында университеттің бірқатар кіші қызметкерлері мен кәсіподақ белсенділері еңбектері үшін марапатталып, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен ұлықталды.

Іс-шараның жалғасы ретінде облыстық кәсіподақ ұйымының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Нұргүл Абдулкаримова «Құқықтық мәдениет және кәсіподақ: еңбек қатынастарындағы кәсіподақтың рөлі» тақырыбында мазмұнды семинар өткізді. Семинар барысында еңбек заңнамасы, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек дауларын реттеу жолдары сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар кәсіподақ қызметінің қоғамдағы орнын айқындап, өз құқықтары мен міндеттері жөнінде жан-жақты ақпарат алды.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру