Қазақстандық жасанды интеллект жобаларының жетістігі

Күннен-күнге өзгеріп, қауырт дамып келе жатқан Жасанды интеллект дәуірі адамзат өркениетінің жаңа парағын ашып отыр. Бұл тек технологиялық серпіліс емес, рухани, мәдени және білім беру салаларында да бетбұрысты қажет ететін кезең. Осы тұрғыда Қазақстан да көштен қалмай, жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлерге жауап беруге бет алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Интеллектіге инвестиция: ЖИ дәуірінде кадрлық капитал қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, министрлік тарапынан жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстарды ортаға салды. Оның айтуынша, елімізде жасанды интеллект саласына мамандар даярлау ісі жүйелі жолға қойылып келеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру стандартына, ғылыми дәрежелерді беру қағидалары мен жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарға ЖИ-ге қатысты маңызды толықтырулар енгізілген. Бұл – болашаққа бағытталған нақты әрі батыл қадам.
«Жасанды интеллект тек ІТ саласына ғана тән емес, ол – бүгінде барлық мамандық иелері үшін қажетті құрал. Осыны ескере отырып, еліміздің 95 университетінде барлық студенттерге арналған міндетті пән ретінде жасанды интеллект курсы енгізілді. Ал 30 жоғары оқу орнында салалар бойынша бағытталған 38 жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылып отыр. Бұл – болашақтың іргесін қалайтын инвестиция»- деді министр.
Білім алушылардың өз бетімен ізденуі мен шығармашылығына да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда студенттер 119 жасанды интеллект агентін жасап шыққан. Олардың қатарында Шәкәрім университетінде әзірленген AI Check жобасы да бар. Бұл интеллектуалды жүйе академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында қолданылады. Ол кез келген жазбаша жұмыстың адам қолымен жазылғанын немесе ЖИ арқылы дайындалғанын анықтай алады. Мұндай жобалар жастардың тек тұтынушы емес, жаңа дәуірдің жасампаз күшіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Алайда жасанды интеллектімен қатар жүретін тағы бір маңызды мәселе бар – ол ұлттық тілдің технологиялық әлемге бейімделуі. Бұл ретте де Қазақстан нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, қазақ тілін ғаламдық жасанды интеллект экожүйесіне енгізу бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Заңнамалық деңгейде Ұлттық сөздік қоры қабылданып, алты миллиард сөздік қор жинақталған.
Бұдан бөлек, HuggingFace платформасында қазақ тіліне бейімделген екі ірі тілдік модель – KazLLM және Til-Qazyna LLM – қолжетімді болды. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі Text-to-Speech және Speech-to-Text технологиялары да жасалып, отандық өнім ретінде ұсынылып отыр. Бұл – тек техникалық жетістік емес, бұл – ана тіліміздің жаңа биікке шығуы, жас ұрпақ үшін заманауи құралға айналуының алғышарты.
Осылайша, Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде тек технологиялық даму жолын емес, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтай отырып, болашаққа ұмтылудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр.