Шәкәрім университеті QS Eurasia 2025 форумында
25–26 қараша күндері Өзбекстанның Ташкент қаласында жоғары білім саласындағы маңызды халықаралық іс-шара – QS Eurasia Forum 2025 «Broadening horizons: Building global bridges in higher education» өтуде.
Оған Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, Венгрия, сондай-ақ Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінің жетекші жоғары оқу орындары мен сарапшылары жиналып, аймақтағы білім беру сапасын арттыру, халықаралық әріптестік орнату және жаһандық білім кеңістігіне интеграция мәселелерін талқылап жатыр.
Халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шарада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлері негізгі спикерлер ретінде баяндама жасап, аймақтық интеграция, пәнаралық ынтымақтастықты кеңейту және тәжірибе алмасудың маңызды қырларын талқылады.
Форумға Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков пен проректор Ерасыл Дулатбай да қатысып, шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, жаңа серіктестік жобаларын қарастыруға және университеттің халықаралық бағыттағы бастамаларын таныстыруға мүмкіндік алды.
Форумды әлемдік университеттер рейтингін жүргізетін беделді ұйым QS Quacquarelli Symonds ұйымдастырып отыр. Форумның ашылу салтанатында QS Президенті (Quacquarelli Symonds) және Директорлар кеңесінің төрағасы Нунцио Кваккарелли сөз сөйлеп, Еуразия аймағында жоғары білім беруді дамытудың жаңа стратегиялық жобаларын, халықаралық интеграция және білім беру сапасын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.
Форум барысында ол Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековке «QS Asia University Rankings 2026» сертификатын табыс етті.
Естеріңізде болса, Университет «QS Stars» рейтингінің қорытындысы бойынша «QS Asia University Rankings 2026» рейтингінде 493-орынды иеленіп, осы рейтингке қатысу тарихындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген бес университеттің қатарына енген болатын. Рейтинг барлығы 1529 жоғары оқу орнын қамтыса, 554 университет алғаш рет тізімге енген.






