Шәкәрім университеті «Ұлттық диктантқа» қатысты

Ағымдағы жылғы 5 қыркүйекте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келген Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінің қарсаңында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Ұлттық диктант» жобасының бастау алғаны белгілі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауына ие болған іс-шара аясында бүгін Шәкәрім университетінде арнайы диктант жазу басталды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіруге, ұлттық бірегейлік пен тілдік мәдениетті нығайтуға бағытталған жалпы республикалық мәдени ағартушылық жобаға Шәкәрім университетінің құрылым басшылары мен қызметкерлері де белсенді қатысып, өз білімдері мен тіл мәдениетін шыңдауға мүмкіндік алды.
«Ұлттық диктант» республикалық жобасы – мемлекеттік тілді меңгеру мен дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама сауатты жазудың тек білім өлшемі ғана емес, сонымен бірге азаматтық жауапкершілік және тілге деген құрметтің көрінісі екенін білдіреді.
«Ұлттық диктант» енді арнайы кесте бойынша университеттің барлық жоғары мектептері мен зерттеу мектептерінде өткізіледі. Оған профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысады.