Жаңалықтар 03.11.2025 95

Шәкәрім университеті ветеринарлық білім беруді халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді көздейді

Шәкәрім университеті ветеринарлық білім беруді халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді көздейді

Shakarim University-ге Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО, ағылш. Food and Agriculture Organization, FAO) мен ұлттық серіктестердің ветеринарлық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастығы аясында халықаралық консультант, Дүниежүзілік жануарларды қорғау қоғамының (ВОЗЖ, бұрынғы МЭБ) Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша ветеринарлық кадрларды дамыту жөніндегі аймақтық үйлестірушісі Дмитрий Морозов келді.

Сапардың басты мақсаты — Shakarim University-дегі ветеринария бағыты бойынша бакалавриат пен магистратураның оқу бағдарламаларына терең талдау жүргізу, оның ішінде негізгі және элективті пәндер мазмұнын, оқыту әдістемелерін және студенттердің білімін бағалау жүйесін халықаралық стандарттармен салыстыру.

Сапар барысында халықаралық сарапшы қолданыстағы оқу бағдарламаларының халықаралық талаптарға сәйкестігін талдады. Атап айтқанда, Дүниежүзілік жануарларды қорғау қоғамының «Day-1» бастапқы кәсіби құзыреттерін, ФАО-ның ветеринарлық білім беру бойынша ұсынымдарын, «Біртұтас денсаулық» (One Health) тұжырымдамасына және далалық эпидемиологияға қатысты құзыреттерді қарастырды. Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттермен кездесуінде білім беру бағдарламаларын жаңғырту және реформалау мүмкіндіктерін талқылады, академиялық инфрақұрылымдағы институционалдық қажеттіліктер мен олқылықтарды айқындады, халықаралық серіктестік пен «twinning» бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін қарастырды.

Сонымен, сапар қорытындысында ветеринарлық білім беруді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жөніндегі жол картасы мен жұмыс жоспары әзірленеді. Онда оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, практикалық бағыттағы модульдерді енгізу және «Біртұтас денсаулық» қағидаттарын іске асыру бойынша ұсыныстар қамтылмақ.

«Біз Қазақстандағы ветеринарлық медицина бағдарламаларына кешенді баға беріп жатырмыз. Бұл талдаудың мақсаты — оқу жоспарларындағы кемшіліктер мен олқылықтарды анықтау. Кейін халықаралық сарапшылар тобы сол олқылықтардың орнын жабатын арнайы оқу модульдерін әзірлейді. Сондай-ақ, ветеринарлық факультеттер үшін twinning жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл – халықаралық аккредитациядан өткен шетелдік және қазақстандық факультеттер арасындағы серіктестік келісім. Қазіргі таңда Лондон университетінің Корольдік ветеринарлық колледжі және Қазақстанның төрт университетімен ынтымақтастық мүмкіндігі қарастырылуда»,-дейді Дмитрий Морозов.

Айта кетсек, ФАО ұйымының ресми порталында мамандар мен студенттерге арналған біліктілікті арттыру курстары мен оқу ресурстары қолжетімді. Бұл курстарға қатысуға ешқандай шектеу қойылмаған, қатысушылар өздері қызығушылық танытқан тақырыптарды таңдай алады.

«Студенттер өз білімдері мен дағдыларын жетілдіру арқылы ФАО сияқты халықаралық ұйымдарда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие бола алады. Әсіресе, ветеринарлық медицина саласының түлектері үшін бұл бағыттағы әлеует өте жоғары. ФАО және ВОЗЖ ұйымдарының жұмысы аса қауіпті аурулармен күрес және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы ретте қазақстандық жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары өздерінің жергілікті тәжірибелерін енгізе алады»,- деп атап өтті Дмитрий Морозов.

Бұл кездесу Shakarim University-дің ветеринарлық білім беру саласындағы халықаралық серіктестігін жаңа деңгейге көтеруге, оқу бағдарламаларын жаһандық стандарттарға сәйкестендіруге және студенттердің практикалық құзыреттерін дамытуға бағытталған маңызды қадам деуге болады.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру