Шәкәрім және Анкан университеттері арасындағы серіктестік
Шәкәрім университетіне Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясындағы Анкан университетінің делегациясы арнайы сапармен келді. Олардың қатарында университет президенті Ю Цзинь, факультет және кадрлар бөлімінің директоры Ван Ижуй, электроника және ақпараттық инженерия мектебінің деканы Ван Кэган, заманауи ауыл шаруашылығы және биотехнология мектебінің декан орынбасары Ян Фан, сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық және кооперативті даму бөлімінің басшысы Ли Болин бар.
Кездесуде тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында мазмұнды пікір алмасты. Делегация мүшелері Шәкәрім университетінің жоғары және зерттеу мектептерінің декандарымен кездесіп, қос дипломдық бағдарламалар, докторантура деңгейінде білім беру және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Университет басшылығымен болған кездесуде Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков оқу орнының ғылыми-инновациялық әлеуетін, академиялық жетістіктері мен халықаралық байланыстарын таныстырды. Ол Қазақстан Республикасының Президенті мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен елімізде ғылым саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын, соның нәтижесінде өңірлік университеттердің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Келіссөздер нәтижесінде екі оқу орны ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Тараптар құрамында селен бар ауыл шаруашылығы технологияларын зерттеу, азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу стандарттарын өзара тану, академиялық алмасулар және кадрлар даярлау сияқты бағыттарда ұзақ мерзімді және тұрақты әріптестік қатынастар орнатуға уағдаласты.
Қонақтар Shakarim Lab зертханасы мен Инжиниринг орталығында болып, студенттер мен жас ғалымдардың инновациялық жобаларымен танысты. Олар университеттің ғылыми базасына жоғары баға беріп, болашақтағы бірлескен зерттеулерге қызығушылық танытты.
Сапар барысында делегация мүшелері Абайдың “Жидебай–Бөрілі” мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын аралап, ұлы ойшылдың өмірі мен мұрасына терең үңілді. Сондай-ақ, Шәкәрім университетінің бас ғимаратындағы Шәкәрім музейін тамашалап, дала данышпанының ғибратты ғұмырымен және оқу орнының терең тарихымен танысты.
Айта кетсек, Анкан университеті 1958 жылы құрылған, Қытайдың Шэньси провинциясындағы жетекші мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі саналады. Бүгінде университет Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ және Тайвань университеттерімен серіктестік қарым-қатынас орнатқан.
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)