Жаңалықтар 30.10.2025 59

Shakarim AI Check жобасы жеңімпаз атанды

Shakarim AI Check жобасы жеңімпаз атанды

30 қазанда Астанада Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «Қазақстан – академиялық білім кеңістігі» халықаралық серіктестердің стратегиялық форумы аясында AI SANA Leaders ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Жасанды интеллект бағытындағы 200-ден астам жоба арасынан Shakarim University командасы елдің үздік 15 жобасының қатарына еніп, «Білім беру саласындағы үздік AI-жоба – Академиялық адалдық» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Бұл жетістік университеттің өз күшімен әзірлеген Shakarim AI Check жобасының нәтижесі.

Академиялық адалдық жолындағы жасанды интеллект

Shakarim AI Check – бұл студенттік және ғылыми жұмыстардың түпнұсқалығын тексеруге, академиялық адалдықты қамтамасыз етуге бағытталған интеллектуалды жүйе. Жоба жасанды интеллект әдістерін пайдалана отырып, білім беру ұйымдарында тексеру үдерісін автоматтандыруға, ашықтық пен объективтілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл жоба университеттің оқу, ғылыми және сапаны бақылау жүйесіне әлемдік деңгейдегі AI өнімдерін енгізе алатынының айғағы.

Аймақтық университеттің инновациялық мойындалуы

Елдің жетекші ұлттық жоғары оқу орындары қатысқан байқауда Shakarim University-дің жеңіске жетуі – аймақтық білім беру жүйесі үшін тарихи оқиға.

Байқауға Nova Geon, EnergyDrones AI, OquLabs, OncoZero, AiJan, CortexAI, SignBridge, Koz AI және басқа да жобалар ұсынылды.

«Қазір тек дайын технологияларды енгізу емес, өзіміздің технологиямызды жасау маңызды. Shakarim AI Check – бұл жай ғана цифрлық өнім емес, ол университеттің стратегиялық тұрғыдан дамығанын, заман талабынан қалмай жаңа академиялық шешімдерді қалыптастыра алатынын көрсететін жоба.

Бұл – өңірлердің де ұлттық инновациялардың бастауы бола алатынының айғағы. Университет цифрлық трансформацияның орталығына айналды. Мұнда академиялық адалдық, интеллектуалды этика мен сенім мәдениетін қалыптастыратын технологиялар жасалады.

Бұл – өзіне, өз біліміне сенген тұтас буынның жеңісі

«Мен Shakarim University ұжымын – профессорларды, зерттеушілерді, бағдарламашыларды, студенттерді, осы идеяға өз білімін, еңбегін, энергиясын салған барша жанды шын жүректен құттықтаймын.

Университет жаңа дәуірге қадам басты – біз енді өзіміз жасаймыз. Shakarim AI Check – аймақта туындаған, жаһанды өзгертуге қабілетті идеялардың символы. Біз аймақтық университеттердің де ғаламдық деңгейдегі жұмыстарды жасауға қабілетті екенін дәлелдедік!»- дейді Shakarim University ректоры Думан Орынбеков.

Бұл – кездейсоқтық емес, сенім мен жүйелі еңбектің нәтижесі. Бұл жерде әңгіме өңірлік университеттің жаңа форматтағы жігерлі топ-менеджерлері туралы. Олар – инженерлер, зерттеушілер, яғни терең ойлай алатын, өзгерістер үшін жауапкершілік алуға дайын адамдар. Олардың қағидасы қарапайым: «жергілікті деңгейде әрекет ет, жаһандық деңгейде ойла». Бүгінде олар университеттің ішкі міндеттерін шешумен шектелмей, жақын уақытта бүкіл елдің білім беру жүйесіне әсер ететін өнімдер жасап отыр.

Ал мұның нәтижесі жоғарыдағыдай, Shakarim University – аймақтық деңгейден ұлттық стандарттар қалыптастыратын университетке айналды.

Технологиялық еркіндік университеттен басталады

Қазіргі заманда жасанды интеллект білім беру үдерістерінің ажырамас бөлігіне айналды.

Shakarim University – өз AI экожүйесін құрған Қазақстандағы алғашқы аймақтық жоғары оқу орындарының бірі. Мұндағы AI-Sana Hub – жасанды интеллект пен цифрлық құзыреттер зертханасы, Solveathon: AI & Agriculture – агросекторға арналған инновациялық шешімдер челленджі (жақында іске қосылады), AI Check – академиялық адалдық саласындағы флагмандық жоба.

Бұл бастамалар жиынтығы жаңа буын университетінің цифрлық сәулетін қалыптастырып, жасанды интеллектіні адам әлеуетін арттыру құралына айналдыруда.

Shakarim University миссиясы – ел болашағының зертханасы болу

Shakarim University-ді соңғы жылдары Қазақстандағы ең серпінді дамып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі деуге болады.

Университет халықаралық рейтингтерге (QS World University Rankings, THE Impact Rankings) сенімді түрде еніп, ғылыми мектептер мен цифрлық зертханаларды дамытып, шетелдік жетекші университеттермен серіктестікті күшейтіп келеді.

Ал Shakarim AI Check табысын жеке жоба ретінде емес, жаңа басқарушылық философияның нәтижесі ретінде қарастырған жөн. Бұл философияның негізінде жергілікті бастама мен жаһандық ойлау, технологиялық батылдық пен гуманитарлық жауапкершілік, академиялық адалдық пен инновациялық көшбасшылық принциптері жатыр.

AI SANA Leaders финалында жасанды интеллектінің медицина, экология, білім беру және робототехника салаларындағы қолданылуын көрсеткен Қазақстанның 15 үздік жобасы жеңімпаз атанды.

Болашаққа бағытталған құнды қадам

Shakarim University үшін бұл жеңіс – жаңа бастамалардың бастауы. Университет алдағы уақытта Shakarim AI Check жүйесін аймақтық жоғары оқу орындарының академиялық бақылау жүйесіне енгізуді және ел университеттерін біріктіретін AI-Academy ұлттық платформасын әзірлеуді жоспарлап отыр.

«Бұлай жоғары деңгейде танылып, дәріптелуіміз Қазақстанда жаңа буын университеттерінің қалыптасып келе жатқанының дәлелі»,- деп атап өтті Shakarim University-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бейімбет Дәрібаев.

Осылайша, аймақтық университет айды аспанға бір-ақ шығарды!

Кім біледі, бәлкім, дәл осындай қадамдар – елдің алыс аймақтарынан басталған бастамалар ертеңгі қазақстандық ғылымның инновациялық болашағын қалыптастырып жатқан шығар.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру