Жаңалықтар 25.09.2025 105

Shakarim University – әлемнің үздік оқу орындарының қатарында!

Shakarim University – әлемнің үздік оқу орындарының қатарында!

Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде QS Quacquarelli Symonds компаниясының бас коммерциялық директоры Джейсон Ньюманның қатысуымен QS World University Rankings 2026 жаһандық рейтингінің сертификаттарын табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен халықаралық рейтинг агенттігінің өкілдері қатысты. Shakarim University ректоры Думан Орынбеков те арнайы шақырылып, университеттің жетістігін растайтын QS сертификатын салтанатты түрде қабылдады.

Еске сала кетсек, 2025 жылғы 19 маусымда Shakarim University әлемдегі ең беделді және ықпалды жоғары оқу орындары рейтингінің бірі – QS World University Rankings 2026 тізіміне ресми түрде енген болатын.

Биыл бұл жаһандық рейтингке 106 елден 8 467 университет қатысып, олардың тек 1 501-і ғана финалдық тізімге өтті. Қазақстаннан рейтингке 20 университет енді. Солардың қатарында Shakarim University – еліміздің атынан алғаш рет қатысқан үш жаңа ЖОО-ның бірі ретінде танылып, әлемнің ең үздік университеттерінің жоғарғы 18% қатарына кірді.

Шәкәрім университеті беделді халықаралық рейтингте 1401+ позицияны иеленді! Бұл – университетіміздің әлемдік академиялық аренада мойындалуына жасалған маңызды қадам.

Бұл көрсеткіш – университеттің академиялық сапасы, халықаралық беделі, ғылыми-зерттеу қызметі, жұмыс берушілер арасындағы танымалдығы, сондай-ақ тұрақты даму мен интернационализация бағыттарындағы қарқынды дамуының нәтижесі.

Университет басшылығы бұл жетістік бүкіл ұжымның, профессорлық-оқытушылық құрам мен серіктес ұйымдардың ортақ еңбегі екенін атап өтті.

Shakarim University алдағы уақытта да сапалы білім беру, ғылыми әлеуетті арттыру, халықаралық серіктестік пен инновациялық жобаларды дамыту бағытындағы жұмысын жалғастыра бермек.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру