Жаңалықтар 24.10.2025 84

Shakarim University ректоры Думан Орынбековтің Республика күні ұлттық мерекесімен құттықтауы

Shakarim University ректоры Думан Орынбековтің  Республика күні ұлттық мерекесімен құттықтауы

Құрметті оқытушылар, ардагерлер, студенттер, қызметкерлер мен университеттің серіктестері!

25 қазан — Республика күні. Бұл – еліміздің бүкіл әлемге өз жолымен дамуға, еркіндік пен ар-намысты қорғауға деген құқығын паш еткен тарихи күн. Бұл мереке – ұлттық рухтың қуатына, әділдік пен болашақ алдындағы жауапкершілікке сенетін барша қазақстандықтарды біріктіретін күн.

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация біздің тарихымыздағы жаңа дәуірдің – ой еркіндігі, еңбектің қадірі мен ұлттық сананың жаңғыру дәуірін бастады. Содан бері Республика тек экономикалық емес, зияткерлік тұрғыдан да өсіп, кемелденді.

Абай хакім айтқандай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады». Яғни адамды биік ететін байлық емес — ақыл, білім және ар-ождан. Міне, осы құндылықтар – қазіргі Қазақстанның қуаты мен болашағының негізі.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміз білім мен ғылымды, цифрландыру мен инновацияны тұрақты дамудың өзегі ретінде айқындады. Осы стратегиялық бағытта жоғары оқу орындары үлкен рөл атқарып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жоғары білім жүйесі жаңғырды. Бүгінде ол академиялық еркіндікке, халықаралық серіктестікке және инновацияға негізделген сала болып қалыптасты.

Біздің еліміз жаһандық білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды, онда басты құндылықтар – ашықтық, сапа, бейімділік және жауапкершілік.

Қазір оқыту процесінің цифрлануы және жасанды интеллектіні дамыту, ғылым мен нақты секторды интеграциялау, жоғары оқу орындарының экономикалық өсім мен инновациялық мәдениеттің орталығына айналуы, тұрақты даму, адами капитал және креативті экономикаға басымдық беру — мұның бәрі университеттердің қоғамның қозғаушы күшіне, ойлау мәдениетін, технологияны және жаңа Қазақстанның құндылықтарын қалыптастырушы институтқа айналғанын көрсетеді.

Сонымен бірге, жоғары білім жүйесінің алдында жаңа сын-қатерлер: таланттар үшін бәсеке, білімді үздіксіз жетілдіру қажеттілігі, академиялық адалдық пен қоғам сенімін сақтау міндеті.

Бірақ дәл осы сынақтар университеттердің миссиясын күшейте түседі. Оларды білім ғана емес, тұлғалық және ұлттық бірегейліктің тірегіне айналдырады.

XXI ғасырда бірегейлік табиғатының өзі өзгерді. Егер бұрын ол тіл, жер немесе дәстүрге қарай айқындалса, қазір оның өзегі – білім, кәсібилік, интеллект және жауапкершілік мәдениеті.

Осы тұрғыда университеттер, соның ішінде Shakarim University жаңа ұрпақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын кеңістікке айнала алды.

Shakarim University мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен сенімді терең сезіне отырып, халықаралық серіктестіктерді дамытып, әлемдік рейтингтерге еніп, өңірдің интеллектуалды және инновациялық орталығына айналып келеді. Жоғары білім жүйесінде түрлі реформалар жүріп жатқан кезеңнің өзінде университет өсуін тоқтатқан жоқ. Университеттің ауқымы тек сыртқы емес, ішкі сапа, мазмұн, сенім тұрғысынан да өсті. Бүгінде Шәкәрім университеті – өңірдің зияткерлік орталығы, идеяны технологияға, білімді күшке айналдыратын халықаралық көпір.

Шәкәрім Құдайбердіұлы жазғандай: «Адамдықтың негізі – ар мен ақиқат». Яғни ар мен ақиқат – адамдық пен елдің тірегі. Осы қағидалар біздің университеттің бағытын, Республикамыздың өркениеттік қадамдарын айқындайды.

Қазақстанның қуаты – адамда және ғылым-білім мен болашаққа деген сенімде! Білімді жастарымыздың биік белестерді бағындыратыны анық.

Қымбатты әріптестер!

Қазақ елінің тәуелсіздігіне жол ашқан күн ретінде 25 қазанды ел тарихындағы орны айрықша күн деп санаймын.

Республика күні – өткенге тағзым етіп, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін күн. Сіз бен біздің қолымызда – ертеңгі Қазақстан, ертеңгі Семей, ертеңгі Шәкәрім университеті.

25 қазан – тәуелсіздіктің бастауы ғана емес, ол – елге ерен еңбек еткен азаматтарға алғыс айту күні, ел ертеңін айқындайтын жастарға сенім күні.

Әрқайсымыздың жүрегімізде абырой мен күш, қайрат пен мейірім қатар болсын!Өйткені дәл осы қасиеттерден нағыз Республика қалыптасады.

Республика күні құтты болсын!

Еліміз еңселі, мәртебеміз биік болсын!

Құрметпен, Думан Орынбеков

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру