Shakarim University ректоры Думан Орынбековтің Жоғары білім қызметкерлері күні мен Қарттар күніне арналған құттықтау сөзі

1 қазан – еліміз үшін ерекше маңызды күн. Себебі, дәл осы күні қатарынан екі мереке – Жоғары білім қызметкерлері күні және Қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекелердің бір күнге сәйкес келуі кездейсоқтық емес. Өмірін ағарту, білім беру ісіне арнаған әрбір жан жасына қарамастан білім саласының қызметкері болып қала береді, әрі елдің рухани және зияткерлік байлығын сақтап, арттыратын алдын діңгегіміз де – солар.
Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары – мемлекеттің стратегиялық құндылықтарын қалыптастыратын басты орталық. Жаңа заманның экономикасы, технологиясы мен мүмкіндіктері – осында, дәрісханалар мен зертханаларда өрбіген білімнің нәтижесінде пайда болады. Shakarim University осы бағытта нақты істерімен көш бастап келеді: біз халықаралық рейтингтерде өзімізді танытып, әріптестігімізді арттырдық, жаңа ғылыми мектептер мен заманауи зертханаларды аштық. Қазіргі университет – білім мен ғылымды, тәжірибені бір арнаға тоғыстыратын интеллектуалды хаб.
Дегенмен, университеттің шынайы қуаты – ұрпақ сабақтастығында. Бізді бүгінге жеткізген – ардагерлеріміз бен ұстаздар әулеттерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнегесі. Бұл – тек отбасын ғана емес, сондай-ақ, ұлттық білім мен ұлттық руханиятты сақтаудың ерекше дәстүрі.
Бүгінгі Shakarim University – үлкендердің мол тәжірибесі мен жастардың күш-жігерін үйлестірген білім ордасы.
Ардагерлеріміз бен профессорларымыз – ұстаздық мамандықтың алтын тұғыры, ар-ожданы.
Жас жетекшілер мен топ-менеджерлер – даму мен жаңғырудың жаңаша үлгілерін жасайтын мамандар.
Жаңа ғылыми мектептердің негізін қалап, халықаралық гранттарды тартуда Science professor-лардың еңбегі орасан.
Ал студенттер – әр оқытушыдан ұлы миссияның бір бөлшегін алатын, өсіп келе жатқан ел болашағының стратегиялық ресурсы.
Сонымен бірге, есімізде сақтайтын маңызды нәрсе: ең басты сын-қатердің бірі – біздің өз ішімізде, өзгеруге деген қабілетіміз бен ықыласымызда жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-дағы жұмысының үлгісінде бірнеше күн ішінде жаһандық ауқымдағы міндеттерді – дипломатиядан бастап, экономика, ғылым, цифрландыруға дейін шешуге болатынын көрсетті. Қазақстан бүгінде әлеммен инновациялар, ғылым және әділеттілік тілінде сөйлесіп отыр.
Алайда, университеттің өрлеуі – ұрпақ игілігі үшін тер төгіп жүрген әрбір адам еңбегінің, ортақ сенімнің нәтижесі.
Құрметті әріптестер, қадірлі ардагерлер, білім алушылар!
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен білімге деген құштарлықтарыңыз – университеттің ұлы күші. Осы күш бізді жарқын болашаққа жетелейді деп сенемін.
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен, Думан Орынбеков