Жаңалықтар 14.10.2025 111

Студенттердің хош иісті сабын жасау жобасы

Студенттердің хош иісті сабын жасау жобасы

Shakarim University-дің жас зерттеушілері ерекше хош иісті сабын жасау технологиясын жетілдірумен айналысып жүр.

Спорт және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Б1-201 тобының студенттері парфюмерлік композициялар негізінде табиғи және экологиялық таза компоненттерден сапалы сабын рецептілерін әзірлеуге бағытталған жобаны қолға алған.

Зерттеу барысында сабынды дайындаудың екі негізгі әдісі қарастырылған. Олар: ыстық процесс және суық процесс. Ыстық процесс бойынша сабын 24-48 сағат ішінде әбден суып үлгереді. Ал суық үдеріс бойынша сабынның кебуі үшін 4-6 апта уақыт қажет болады. Осылайша, әр әдістің өзіндік артықшылықтары мен ерекшеліктері зерттелді.

«Парфюмерлік композициялар негізінде хош иісті сабын жасау технологиясын зерттеу» тақырыбындағы жобамыз бастапқыда студенттердің қызығушылығынан туындаған кішігірім зерттеу жұмысы ретінде басталған болатын. Зерттей келе алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып көруге деген құлшыныстары артып, қазір зерттеу эксперименттік жоба ретінде жалғастырылуда. Жобаның нәтижесі ретінде парфюмерлік иістерге сәйкес келетін сапалы сабын рецептілері әзірленді,- дейді жоба жетекшісі, Спорт және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің «Химия және биология» кафедрасының оқытушысы Әсел Медетова.

Жас зерттеушілер сабынға өздері өсірген алоэ гүлінің шырышын да қосады. Ол теріні тітіркенуден сақтап, аллергияның алдын алады. Әрбір рецепт бойынша парфюмерлік иістерді қосып, табиғи майлармен араластырып, сапасын және иісінің ұзақтық деңгейін тексереді. Студенттер сабынды эксперименттік зерттеу ретінде қолдануды көздеп отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру