Су ресурстарын басқарудағы халықаралық ынтымақтастық
Бүгін Shakarim University мен TIIAME – «Ташкент ирригация және ауылшаруашылық механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университеті арасында магистрлік білім беру бағдарламасының «Су ресурстары» бағыты бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Өзбекстанның инженерлік, ауылшаруашылық және қоршаған ортаны қорғау ғылымдарының жетекші институты саналатын, жүз жылдан астам академиялық мұрасы бар TIIAME-мен серіктестік су ресурстарын басқару, агроинженерия, жерді тұрақты пайдалану жүйелері, инженерлік технологиялар бағытында жоғары білікті мамандарды даярлауда тәжірибе алмасуды күшейтіп, білім берудің мазмұнын жаңғыртуға және ортақ ғылыми жобаларды ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұл келісімді екі ел арасындағы достық көпірін нығайтатын, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару саласына кәсіби мамандарды даярлау ісін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік деуге болады.
Келісім аясында:
• бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары;
• профессор-оқытушылар алмасуы;
• студенттердің академиялық мобильділігі;
• су ресурстарын басқаруда инновациялық тәсілдер енгізу т.б. жоспарланып отыр.
Аталған ынтымақтастық ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ташкент қаласында өтіп жатқан QS Eurasia Forum 2025 барысында күтілген маңызды нәтижелердің бірі ретінде орын алды. Форум Еуразиядағы жоғары білім беру жүйесінің даму траекториясын айқындайтын, жаңа стратегиялық бағыттар мен академиялық серіктестікті талқылайтын беделді алаң саналады. Бұл жерде университет делегациялары мен QS сарапшылары ғылымды басқарудың жаңа модельдерін, жоғары білімнің цифрлық трансформациясын, халықаралық қатынастарды кеңейтуді және сапа стандарттарын жетілдіру мәселелерін қарастырады.



