Жаңалықтар 29.09.2025

«Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызылды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызылды

Бүгін Шәкәрім университетінің Шәкәрім жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді ағаш отырғызу іс-шарасы өтті.

Оған Шәкәрім университетінің басшылық құрамы, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мамандары, колледждің оқытушылары мен студенттері қатысып, білім ордасының аумағындағы арнайы белгіленген орындарға жас көшеттер отырғызды.

Іс-шараның мақсаты – жасыл желекті көбейту, табиғатты қорғауға деген азаматтық жауапкершілікті арттыру және болашақ ұрпаққа экологиялық құндылықтарды аманаттау. Бұл игі бастама – табиғатты аялауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Ағаш отырғызуға барлық қатысушылар белсене атсалысты. Сөйтіп, 10 шырша ағашы, 20 шетен, 35 алма, 5 терек көшеті егілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар тек көгалдандыру жұмыстарымен шектелмей, жастар арасында табиғатты аялау сезімін қалыптастыруға да ықпал етеді. «Әр отырғызылған ағаш – болашаққа жасалған инвестиция, ол таза ауамен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұрпаққа жасыл мұра болып қалады»- дейді колледж директоры Тоты Әбдікәрімова.

«Таза Қазақстан» акциясы еліміз бойынша кеңінен өткізіліп келеді. Оның басты ерекшелігі – қоғамды бірлескен іс-шараларға жұмылдыра отырып, табиғатты қорғаудың нақты нәтижелеріне қол жеткізу. Шәкәрім жоғары колледжінің ұжымы бұл бастаманы қолдап қана қоймай, экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосып отырғанын көрсетті.

Аталған акция – елімізде қоршаған ортаны қорғауға арналған кең ауқымды бастамалардың бір бөлігі.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру