Жаңалықтар 01.10.2025

Ұстаз мерейі – ел мерейі

Ұстаз мерейі – ел мерейі

Шәкәрім университетінде Жоғары білім қызметкерлерінің күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Оған университеттің ардагер ұстаздары, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер қатысты.

Концерттік бағдарлама аясында өнерлі жастар өз өнерлерімен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Университеттің шығармашылық ұжымдары мен студенттік ұйымдары белсенділік танытып, өз өнерлерін ортаға салды. «Қарагөз» жастар театры мен «Наркескен» ақындар үйірмесі театрландырған көрініс ұсынып, ұлағатты ұстаздар мен университет қызметкерлерінің ықыласына бөленді.

Мерекелік кеште сөз сөйлеген университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов білімнің ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, жаңа оқу жылында табысқа жетуге тілектестік білдірді. Сондай-ақ, білікті ұстаздар қауымы мен қызметкерлерді марапаттап, төсбелгілер мен Құрмет грамоталарын табыс етті.

Атап айтсақ, Стратегиялық жоспарлау және сапа менеджменті орталығының басшысы Жанар Орынқанова, Социологиялық талдау орталығының үйлестірушісі Нәзигүл Газизова, Педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Шолпан Сәтиева «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен, Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталса, диссертациялық кеңес төрағасы Әміржан Касенов «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін өңіріне тақты. Экономика және қаржы кафедрасының оқытушысы Марал Искакова «Шәкәрім» медалімен, Тамақ технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Элеонора Окусханова «Ғылым үздігі» Құрмет дипломымен, ал Тілдік коммуникация кафедрасының аға оқытушысы Әлия Матайқызы Жұмағұлова «Тіл жанашыры» Құрмет дипломымен мадақталды. Сонымен қатар, бірқатар оқытушылар мен қызметкерлер Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғысына ие болды.

Салтанатты басқосуда ардагер ұстаздар атынан Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаев сөз алып, өзінің замандастары мен ізбасар шәкірттерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

Жоғары білім қызметкерлерінің күніне арналған бұл іс-шара университет ұжымының рухын көтеріп қана қоймай, білім мен ғылымға деген ынтаны арттыра түсері сөзсіз.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру