Жанар Орынқанова, Стратегиялық жоспарлау және сапаны басқару орталығының жетекшісі: Shakarim University — Азия-Тынық мұхиты білім көшінде
Сеул, Корея Республикасы, 2025 жылғы 4-6 қараша
Сеул қаласындағы Korea University қабырғасында «QS Higher Education Summit: Asia Pacific 2025» атты ауқымды халықаралық саммит өтіп жатыр. 4-6 қараша аралығында өтетін форумға әлемнің жетекші университеттерінен, зерттеу орталықтарынан, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес-сектордан келген 2000-нан астам қатысушы жиналды.
Саммитті жоғары оқу орындарының жаһандық рейтингтерін жасайтын британиялық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы ұйымдастырып отыр.
Жиында жоғары білім берудің келешегі, жасанды интеллектінің рөлі, цифрлық трансформация және академиялық көшбасшылықтың жаңа модельдері бойынша мәселелер көтерілді.
Жаһандық білім берудің жаңа бағыты
QS тарихындағы ең ауқымды форумдардың бірі болған бұл саммитке 40-тан астам елдің делегациялары қатысып жатыр.
Үш күн бойы сарапшылар мен университет басшылары технологиялар, инновациялар және халықаралық әріптестік жоғары білім жүйесінің болашағын қалай өзгертетіні туралы пікір алмасады.
Саммиттің негізгі тақырыбы – жасанды интеллектінің (AI) университеттерді басқару, ғылыми зерттеу және академиялық бедел қалыптастырудағы ықпалы.
AI бүгінде жай ғана құрал емес, ол – жаңа білім беру парадигмасын қалыптастыратын шешуші фактор, онда білім – ресурс, ал инновация – өсім мен дамудың механизмі.
Пленарлық сессияларда цифрландыру, білім беру жүйелерінің тұрақтылығы және трансформациялық көшбасшылық тақырыптары талқыланады.
QS World University Rankings: Asia 2026 – аймақтың жаңа академиялық картасы
Саммиттің басты оқиғаларының бірі – QS World University Rankings: Asia 2026 рейтингінің нәтижелерін жариялау болды.
Биылғы зерттеуге 1526 университет қатысқан, олардың 44-і Қазақстаннан.
Форум барысында қазақстандық жоғары оқу орындарының серпінді дамуы ерекше аталып өтті. Олардың қатарында Shakarim University де бар. Ол алғаш рет Азияның үздік 500 университетінің қатарына еніп, 493-орынға ие болды және өткен жылмен салыстырғанда 26 позицияға көтерілді.
Бұл жетістік Қазақстанның академиялық кеңістіктегі беделін нығайтып, аймақтық университеттердің жаңа зияткерлік инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетті.
Shakarim University – сапа мен стратегиялық дамудың жолында
QS 2025 саммитіне университет атынан Стратегиялық жоспарлау және сапаны басқару орталығының басшысы Жанар Орынқанова қатысып, өңірлік университеттердің халықаралық позициялану модельдері мен сапа жүйелерінің цифрлық дәуірдегі трансформациясы туралы сараптамалық баяндама жасады.
«Мұндай саммиттер тек жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік беріп қана қоймай, стратегиялық ойлауды қалыптастырады, университеттерді әлеммен бір тілде сөйлесуге үйретеді.
Біз үшін өзге тәжірибені көшіру емес, жаһандық үрдістерді түсініп, өз даму траекториямызды айқындау маңызды. Бүгінде Shakarim University сапа менеджменті жүйесін жай ғана құрал емес, университет философиясының бөлігіне айналдырды. Бұл –сенімнің, тиімділіктің және ашық білімнің философиясы»,- дейді Жанар Орынқанова.
Оның айтуынша, саммитке қатысу сапа менеджментін жетілдіруге, халықаралық аккредитация желілеріне интеграциялануға және Shakarim University-дің QS Asia Network жүйесіндегі позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Shakarim University-дің баяндамасы Жапония, Қытай, Үндістан, Малайзия және Сингапур делегациялары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Бұл Қазақстанның өңірлік университеттерінің жаһандық стандарттарға сай инновациялық басқару модельдерін ұсына алатынын дәлелдеді.
Болашақ үшін: білім, инновация және сенім
QS Higher Education Summit: Asia Pacific 2025 идеялармен алмасу алаңы ғана емес, университеттердің болашағын айқындайтын стратегиялық диалог форумы болды.
Пленарлық баяндамалар көрсеткендей, жоғары білім беру дәстүрлі оқыту жүйесінен шығып, ашық білім, икемді құзыреттер және цифрлық сенім дәуіріне аяқ басты.
Shakarim University Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың интеллектуалды ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық бағыты аясында халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып, инновациялық басқару тәжірибелерін дамытып, ғылыми дипломатия платформасын күшейтуде.
Сеулде өткен саммитке қатысу Shakarim University үшін Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жаңа білім толқынының алдыңғы қатарына шығудың нақты дәлелі болды.




