Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі05 қараша 2024мемлекеттік қызмет

ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – ЖАСТАРҒА МІНДЕТ

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Дәулетқалиев Shakarim University-дің бітіруші курс студенттерімен кездесу өткізді.

«Мемлекеттік секторға таланттарды іздеу және тарту» жобасы аясында өткен кездесуде алғашқы болып сөз алған университет ректоры Думан Орынбеков өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментімен жасалған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумның нәтижесінде университет қабырғасында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» ашылғанын, осы мектепте 20  студенттің  Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының мамандарынан білім алып, өз білімдерін шыңдағанын,  жоба арқасында бүгінде  екі түлектің мемлекеттік қызмет саласында халыққа қалтқысыз еңбек етіп жүргенін жеткізді.

Ал Нұрлан Дәулетқалиев ел мүддесіне адал еңбек етуге ынталы, ерік-жігері мықты, жалынды, белсенді жастарды тарту мақсатында ашылған  «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы жастардың кәсіби шеберліктерін, біліктіліктерін, шығармашылық қабілеттерін шыңдай отырып, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға бағытталғанын, аталған мектеп түлектері мемлекеттік қызмет туралы толық түсінік алып, теориялық және тәжірибелік тұрғыда білімдерін толықтыратынын және мемлекеттік қызмет атқарудың маңыздылығын атап өтті. 

Жастарды мемлекеттік қызметке тартудың жаңа қадамы аясында қатысушылар мемлекеттік қызметтің негізгі аспектілерін меңгеріп, тәжірибе жинақтайды. Студенттерге заманауи дағдыларды практикалық оқыту курстары мен мемлекеттік органдарда өндірістік іс-тәжірибеден өту мүмкіндіктері ұсынылады. Сонымен қатар, мектеп қатысушыларына Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеуге дайындық жұмыстары да ұйымдастырылады.