Басқарма Төрағасы - Ректор
Өзім туралы
Мен, Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы рухани тамыры тереңде жатқан Семей топырағының тумасымын. Үш ұрпақтан үзілмей келе жатқан ұстаздар әулетінде тәрбиелендім. Балалық шағым әлемде аты қайталанбайтын Асқаралы деген алақандай ауылда өтті. Қазақтың қара өлеңін жас ұрпақтың көкірегіне ұялатқан анамның жолын жалғап қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын өмірімнің өзегі еттім. Ғылымға соқпақ салып, Абайдың ақын шәкірті – Әріп Тәңірбергенұлы шығармашылығы бойынша кандидаттық, Абайдың әдеби ортасы тақырыбында докторлық диссертация жаздым.
Жоғары оқу орнында оқытушылықтан басталған қызмет жолымның өмір баспалдақтары басшылықтың барлық деңгейін қамти отырып университет басшылығына әкелді.
Ұшқан құстың қанаты талатын байтақ қазақ елінің әр пұшпағында – орталығында, шығысы мен батысында қызмет етіп тәжірибе жинақтадым.
Бүгінде ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман дайындаумен қатар, Абай ұсынған кемел адам қалыптастыруды өзінің миссиясы етіп отырған Шәкәрім университетін басқарып отырмын.
«Анық бақ: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек», – деген Шәкәрім ғұламаның атындағы 90 жылға жуық тарихы бар қара шаңырақтың басты бағдары – Қазақстанның шығыс өңірін білікті маманмен қамтамасыз ететін, қолданбалы ғылымның орталығына айналған көпсалалы классикалық жоғары оқу орны.
Білім мен білігін ғана емес, тұмса тәрбиесін бойға дарытқан өз қарашаңырағыма тіріңде сыйлайтындай, өлсең жылайтындай етіп қызмет қылу – менің азаматтық, перзенттік борышым!
Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы – (1974 жылы 1 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында дүниеге келген) – филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы – ғалым.
Қазақ әдебиетінің тарихы, абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану, әдеби өлкетану бағытында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, Қазақстан, АҚШ, Германия, Польша, Қытай, Түркия, Ресей елдерінде жарияланған 200-ден астам ғылыми мақалалар мен монография, оқу құралдарының авторы.
1992-1996 жылдар аралығында «Семей» мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын (бакалавр) үздік тәмамдап, аспирантурада оқуын жалғастырады. Кейіннен өзі оқыған жоғары оқу орнында аға оқытушы ретінде қызмет жолын бастайды. М.Әуезов атындағы Семей университетінде декан, проректор (2001-2011); Семей мемлекеттік педагогикалық институтында декан; Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (2011-2012); С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры (2012-2017); Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры (2017-2021) қызметтерін атқарған.
Тарихтың сарғайған парақтарына тіл бітіріп, елеусіз қалған ел асылы, ақын Әріп Тәңірбергенұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректерді алғаш рет әдеби және ғылыми айналымға енгізді. Қазақ руханиятының алыбы Абай Құнанбайұлының ақындық мектебі мен әдеби ортасына қатысты тарихи-әдеби дереккөздер негізінде жарияланған еңбектері әдебиеттану, абайтану салаларының дамуына зор үлес қосты.
«Үлкен Алтай әлемі», «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің хабаршысы» ғылыми журналдарының бас редакторы Бауыржан Аманкелдіұлы – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы Диссертациялық кеңестің (2009-2010), «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналының редакциялық кеңесінің, «Абай» республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журналы ақылдастар алқасының және ШҚО Ономастика комиссиясының мүшесі.
«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің (2009), «Моңғолия білім беру ісінің үздік қызметкері» медалінің (2013), «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің (2014), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің (2016), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісінің (2018) және «ЖОО үздік оқытушысы» атағының (2009) иегері.
Қазіргі таңда «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы – Ректоры.
Хәкім Абайдың:
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін – деген сөзін бойтұмарға айналдырған әдебиеттанушы – ғалым – 3 баланың әкесі, адал жар, ел үмітін арқалаған қадірлі азамат.
- Виртуалды тур
- Университет туралы
- Университет тарихы
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- ЖОО басшылары
- Корпоративтік басқару
- Ғылыми кеңес
- Шығыс аймақтық жоғары оқу орындары ректорлар кеңесі
- Наградалар
- Құжаттар
- Ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесі
- Кәсіподақ ұйымы
- Жемқорлықсыз университет
- Мемлекеттік сатып алулар
- Банк реквизиттері
- Бос орындар
- «Шәкәрім шапағаты» қоғамдық қоры
- Университет құрылымы
- Shakarim High School