Бүгін таңертең Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орайластырылған спорттық іс-шара – 3 шақырымдық қашықтыққа жүгіруден «Бастама» жарысы өтті. Жүгіру Ертіс жағалауынан басталып, Бейбітшілік аралындағы этноауылға дейін жалғасты. Абай облысы әкімдігі және Шәкәрім университетінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл жарыс — «Абай жолы – 180 км» Семей–Қарауыл ультрамарафоны аясында өткізілді.
50-ден астам әуесқой спортшы бұл жолы тек қашықтықты ғана емес, өз мүмкіндігін, ерік-жігерін де бағындырды. Жарыс қатысушылары үш жас ерекшелігі бойынша:
18-35 жас, 36-49 жас, 50 және одан жоғары жастағылар болып сынға түсті.
Жарыс барысында ерекше көзге түскен — жасы 85-ке келсе де, жігері жасымаған Нина Бурнашова мен 78 жастағы Александр Коновалов болды. Олар өз жастарына қарамастан, межелі қашықтықты абыроймен аяқтап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған сыйлықтармен марапатталды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту, жастардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өткен жарыс қала тұрғындары арасында үлкен қолдау тапты. Қатысушылар мен жарысты тамашалауға келгендер үшін бұл іс-шара тек спорттық сайыс қана емес, сонымен қатар, Абай рухына деген құрметтің көрінісі болды.
Сонымен қатар, бүгін сағат 16:30-да Семей-Қарауыл төбе бағыты бойынша 180 шақырым қашықтықты бағындыруға бекінген 30-дан астам желаяқ жарыс жолына Абай әуежайынан аттанды. Бас жүлдеге JETOUR X50 көлігі тігілген айтулы бәсекеде еліміздің және шетелдерден келген спортшылар бақ сынайды.

