Shakarim University-дің Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінде «Абай облысы жағдайындағы ара ауруларын зерттеу және олардың экожүйеге әсері» тақырыбында воркшоп өткізілді. Мақсат – облыстағы ара шаруашылығының бүгінгі күндегі кезек күттірмейтін мәселелерін талқылау, оларды шешу жолдарын ұсыну.
Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің: Абай облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы Олжас Серікқазинов, Республикалық ветеринариялық зертханасы Абай облыстық филиалының паразитолог-мал дәрігері Алмагүл Слямханова, Абай облысы ветеринария басқармасының бас маманы Нұрболат Жұмағұлов және өңіріміздегі ара шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер, университет ғалымдары мен студенттер қатысты.
Алдымен бал өндіруші жеке кәсіпкер, «Шулико» шаруа қожалығының басшысы Михаил Шулико «Тропилелапсоз: сипаттамасы, диагностикасы, емдеу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, тропилелапс, яғни тропикалық кененің өңіріміздегі ара шаруашылығына үлкен қауіп төндіріп тұрғаны жайлы мәселе көтерді. Ол еліміздің бірқатар облыстары ара өсірушілерінің соңғы екі жылда ара личинкаларының гемолимфасымен қоректенетін кенелер тудыратын инвазиялық ауру – тропилелапсоздан айтарлықтай шығынға батқанын айтып, ауруды анықтау және тропикалық кенемен күресу жолдарын ортаға салды. Ол аралардың жергілікті популяцияларына қауіп төндіретін негізгі факторлардың бірі ретінде араны жаппай шетелден әкелу және өзге елден тасымалдағанда бақылаудың жоқтығы екенін атап өтті.
Тропилелапс бактериялық және вирустық аурулардың тасымалдаушысы болғандықтан, аралардың жаппай ауруға шалдығып, әлсіреуіне, сосын 3-4 айдың ішінде ұядағы бүкіл араның өлуіне әкеліп соғады. Тропикалық кененің дене тұрқы варроа кенесінен 2,5 есе кіші, сондықтан жай көзге көрінбеуі де мүмкін, бірақ бірнеше есе тез таралады.
Мамандар көтеріп отырған мәселеге тереңірек үңілсек, аралар көптеген ауылшаруашылық және жабайы өсімдіктерді тозаңдандыруда маңызды рөл атқаратындықтан, олардың санының азаюынан өнім көлемі мен сапасы төмендеуі мүмкін. Кейбір дақылдар жемісінің пайда болуы үшін араларға тікелей тәуелді, бұл азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикаға әсер ететіні анық.




