Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі12 маусым 2025шәкәрім университеті

ӨҢІРДІҢ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРІ КЕШЕНДІ ЖҮЙЕЛЕНУДЕ

11 маусым күні Абай облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жаңасемей ауданындағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу: өзекті мәселелері және сақтау жолдары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

 

 

Іс-шараға Шәкәрім университеті «Тарих және археология» ғылыми орталығының жетекшісі, тарихшы Еркін Рахметуллин, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері, археолог, PhD Азат Айтқали, Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, археолог Айдын Жүнісханов және Абай облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Абай облысының тарихи-мәдени мұрасын қорғау жөніндегі орталығының директоры Бекзат Ахметбаев  қатысты.

 

 

Аталған іс-шарада Жаңасемей ауданы аумағында 2025 жылдың мамыр айында жүргізілген археологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері жария етілді. Зерттеу BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» ғылыми бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба жетекшісі PhD А.Қ.Айтқали.

 

 

Жаңасемей ауданы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны орналасқан аумақта болғандықтан, ұзақ уақыт бойы археологиялық зерттеулерден тыс қалып келген. Алайда соңғы жылдары бұл өңірге ғылыми қызығушылық арта түсті.

 

Конференция барысында төмендегідей өзекті мәселелер көтерілді:

  • Жаңасемей ауданындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын жүйелі зерттеу жолдары;
  • Заңсыз археологиялық жұмыстардың алдын алу;
  • Ескерткіштерді мемлекеттік қорғауға алу тетіктері;
  • Жергілікті қауымдастықты тарихи мұраны сақтау ісіне тарту;
  • Болашақтағы ғылыми, қалпына келтіру және қорғау жобаларының бағыттары.

      

  Сондай-ақ, баспасөз конференциясында заңсыз қазылған обаларға қатысты деректер Абай облысының тарихи-мәдени мұрасын қорғау жөніндегі орталығы арқылы құқық қорғау органдарына ұсынылды.