Биыл Жеңіс туы желбірегеніне 80 жыл. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында бүкіл Қазақстан халқы бейбіт өмір үшін миллиондаған тағдырдың құрбан болып, қаншама шаңырақтың шырағы сөнгенін, қаншама арман мен үміттің ұрыс даласында жер бауырлап қалғанын қабырғасы қайыса тұрып еске алады.

Қазір сол қаһарлы жылдардың куәгерлері сиреп бара жатқан шақта соғыстан бұрын құрылып, бейбіт күннің шуағына шомылып есейген Shakarim University тарихи жадыны сақтайтын бірегей орындардың бірі болып отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің 80 жылдығын атап өтудің ерекше, ауқымды тәсілмен жүзеге асырылуы қажеттігін айтқан болатын.

1934 жылы қаланың алғашқы жоғары оқу орны — Семей мұғалімдер институты ретінде негізі қаланған Shakarim University — алғашқы оқытушылары, түлектері мен студенттері «Жауды жеңеміз! Жеңіспен ораламыз!» деп жүрегіндегі үлкен үміт, зор сеніммен майданға аттанған елдегі санаулы жоғары оқу орындарының бірі еді.

Иә, Жеңіс жалауы желбіреді. Бірақ... Жеңістің құны қазақ халқы үшін тым қымбат болды. Мұны есте сақтау – біздің міндетіміз.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында университет тарихи жауапкершілікті сезініп, Отан үшін отқа түскен оқытушылардың, түлектердің, ғалымдар мен тыл еңбеккерлерінің Жеңіске және елді қалпына келтіруге қосқан үлесі жайлы баян етпек. Бұл – жай ғана естелік емес. Бұл — біздің академиялық, азаматтық парызымыз.

Біз — соғыс атты ұлы трагедияның куәгері әрі Жеңістің бір бөлшегіне айналдық.

Соғыс қасіретін бастан кешкен оқу орны ретінде біз ел тарихын есте сақтаймыз. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, олардың есімдері жадымызда жаңғырып тұрады. Болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған жандардың ерлігі мәңгі ұмытылмайды!

Шинель киген профессорлар
Shakarim University — аталар дәстүрінің мұрагері, ұлттың жады.

Бұл жерде тек ғылыми еңбектер ғана емес, ұлы дәуірдің үні, ұлы тұлғалардың өмірбаяндарына жазылған ақиқат сақталған.

Физиктер мен лириктер, педагогтар мен агрономдар, тарихшылар мен ветеринарлар — олар жаумен шайқасты, жастарды оқытты, тұралаған елдің қайтадан еңсе тіктеуі үшін барын салды.

Назарларыңызда – Жеңісті жақындатқан жандар. Олар — университет тарихының келбеті.

Бұл фотосуреттерде тек өмірбаян ғана емес — үміт, қайғы, ерлік пен ар-намыс бар. Бұл тағдырлардың әрқайсысы — уақыттың ДНҚ-сына жазылған университет кодының бөлшегі.

Адамзат тарихын қанмен айғыздаған қасіретті кезеңнің тереңіне үңіліп көріңіз. Сіз ұрпақ болашағы үшін сұрапыл соғыста қан кеше жүріп Отанын қорғаған жандардың бейнелерін көресіз.

Олар — шинель киген профессорлар. Олар — оқу орнының абыройы болған тұлғалар.