Shakarim University-де 7 сәуірде бастау алған Ғылым апталығы мәресіне жетті. Бір апта ішінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Science Professor-лардың сараптамалық дәрістері, «Shakarim-INNO 2025» студенттердің ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Орталық Азия және Ресей»: өзара қарым-қатынас мәселелері мен болашағы» тақырыбындағы халықаралық форсайт-сессиясы, воркшоптар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, семинарлар т.б. іс-шаралар ғылымға арналған апталықтың маңызын арттыра түсті. Бұл шаралар ғылыми ізденістерді дамыту, зерттеушілер мен студенттер арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ ғылым мен білім саласындағы ең жаңа жетістіктерді талқылауға мүмкіндік берді.
Апталық барысында назар аудартқан маңызды жаңалықтардың бірі - техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.Әмірханов атындағы тамақ өнімдерін физика-химиялық талдау зертханасының ашылуы болды. Зертхана озық құрал-жабдықтармен жабдықталған, бұл өз кезегінде ғылыми зерттеулердің сапасын жоғарылатуға, жаңа әдістер мен технологияларда енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, студенттер мен ғалымдардың бұл зертханада зерттеулер жүргізіп, тамақ өнеркәсібінде кездесетін мәселелерді шешу жолдарын іздеуге мүмкіндік мол.
Құрт өндіру технологиясына және ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарына арналған оқу-өндірістік цехтың ашылуы университет пен өндіріс арасындағы тығыз байланысты нығайтып, студенттерге нақты өндірістік процестер мен технологияларды тәжірибеден өткізу мүмкіндігін береді. Бұл бағытта студенттер мен магистранттар өндіріс жағдайында өз білімдерін қолдана отырып, жоғары білікті маман болып қалыптасуға мүмкіндік алады. Бұл Шәкәрім университетінің ғылым мен білім беру саласындағы жаңа жетістіктерінің айғағы болып, болашақта осы саладағы ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобалардың дамуына ықпал ететін маңызды қадам болатыны анық.
Сонымен қатар, апталық аясында үй жануарларына қызмет көрсетуге арналған күтім салоны ашылды.
Astana IT University, "Қазақстан инжиниринг" R&D орталығы, "KazRobotics" спорттық-оқыту робототехника федерациясы, "Drone.KZ" ЖШС және Caravan of Knowledge ұйымдарының қолдауымен халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара - "AITU KazRoboDrone 2.0" дронрейсинг байқауының аймақтық іріктеу кезеңі өтті. Жасанды интеллект және құрылыс жоғары мектебінде өткен іріктеу кезеңіне барлығы 47 адам қатысып, дрондарды басқару бойынша шеберліктерін көорсетті. Жеңімпаздар маусым айында @astana_it_university-де өтетін ақтық сында Қазақстанның намысын қорғайды.
Магистранттар мен докторанттардың постерлік баяндамалар байқауы ерекше қызығушылық туғызды, себебі жас ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеулерін тәуелсіз сарапшылармен бөлісіп, кәсіби кеңес алды. Бұл іс-шара қатысушыларға өз идеяларын әрі қарай дамытуға мүмкіндік берді.
Осы ретте, Ғылым күні қарсаңында Астанада тұңғыш рет өткен республикалық «Жас ғалым» форумына PhD, Shakarim University Құрылыс және геодезия кафедрасының меңгерушісі Ілияс Жұмаділовтің қатысқанын, өңірлер де өркениет көшінен қалмай білім мен ғылым саласын дамытуға баса назар аударып, ұлттық ғылымның болашағын қалыптастырып жатқанын мінбеден айтқанын атап өткеніміз орынды
Ғылым апталығын түйіндеген жиында ректор Думан Орынбеков: "Ғылым апталығы аясында үш мыңға жуық жас зерттеушілерді қамтыған 25 іс-шара өтті. Апталық барысында ашылған нысандар білім алушыларды тәжірибеге бағыттайтын, оқытудың маңызды бөлігіне айналып, қолданбалы зерттеулер жүргізуге лайықты алаңдар болады деген сенімдемін. Апталық аясындағы іс-шаралар біздің бүгінгі Шәкәрім университеті трансформациясының айнасы болды деуге болады. Ғылыми жетістіктердің өлшемі өткізілген іс-шаралардың санында емес, олардың шынайы құндылығы мен нәтижелілігінде"- деп атап өтті.
Ғылым апталығы аясында бірқатар оқытушылар, Shakarim University жас ғалымдары ғылыми-зерттеу қызметіне елеулі үлес қосқаны, халықаралық жобаларға қатысқаны, ғылыми жарияланымдардағы белсенділігі, зерттеушілердің жас буынын даярлауға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің марапаттарына ие болды.
.
Атап айтсақ, Шет тілдер кафедрасының меңгерушісі Бақтыгүл Абдыханова мен Тамақ технологиясы кафедрасының меңгерушісі Самат Қасымов "Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен; Филология жоғары мектебінің деканы Әсем Қасымова "Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен; Биотехнология кафедрасының аға оқытушысы Ерлан Жарықбасов "Ғылым үздігі" құрмет дипломымен; ІТ технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ербол Оспанов, Педагогика кафедрасының аға оқытушысы Гүлнар Жакпарова және Технологиялық жабдықтар кафедрасының аға оқытушысы Надир Ибрагимов Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал Инновацияларды дамыту орталығының басшысы Әділет Сүгірбай, Өнер кафедрасының концертмейстері Елена Колбина, Физика және химия ғылымдарының зерттеу мектебі деканының орынбасары Маржан Жамбаева, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Анара Атшыбаева, Шәкәрім жоғары колледжі директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Айжан Қилымбек, Шәкәрім жоғары колледжінің оқытушысы Айнұр Шаймұратова, Химия және экология кафедрасының оқытушысы Жанна Шәріпхан және Тарих кафедрасының аға оқытушысы Асқар Құмар Ғылым және жоғары білім министрінің Алғысын алды.
Ғылыми-зерттеу байқауының қорытындысы бойынша:
-Химия және экология кафедрасының меңгерушісі А. Сәбитова «Үздік ғалым» аталымына ие болса, Технологиялық машиналар мен жабдықтар ББ докторанты А.Шынарбек «Үздік жас ғалым», ал техникалық физика ББ магистранты Н. Серікбекұлы «Үздік магистрант» атанды. Бизнес жоғары мектебінің Адам Смит клубы «Үздік ғылыми үйірме» деп танылды.
«Shakarim Е-Poster Event-2025» магистранттар мен докторанттардың постерлік баяндамалар байқауында қазылар алқасының шешімімен екі секция бойынша жеңімпаздар анықталды.
Техникалық және ауылшаруашылық ғылымдар бағыты бойынша:
І орын - Лаура Тұрсұнғалиева, Азық-түлік өнімдерінің технологиясы ББ;
ІІ орын - Назерке Муслимова, Азық-түлік өнімдерінің технологиясы ББ;
ІІІ орын – Лаура Қажыгелдиева, Химия ББ;
ІІІ орын – Жансая Тұрсынғалиева, Агрономия ББ.
Жаратылыстану, экономика және гуманитарлық ғылымдар бағыты бойынша:
І орын – Болат Әлиасқар, Информатика ББ;
ІІ орын – Динара Жұмақанова, Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі ББ;
ІІІ орын – Мәди Тұрлыбаев, Тарих ББ,
ІІІ орын – Ақерке Исмаил, Қазақ тілі мен әдебиеті ББ.
Осылайша, Ғылым апталығы университеттің профессорлық-оқытушылар құрамының, университет студенттері мен серіктестерінің ғылыми бастамаларды дамытуға деген зор ынтасын, жоғары деңгейін көрсетті.